Состоялся концерт «Ән салсаң Әсеттей сал»

                                                                                    

                                                         

Бүгін Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің концерт залында – әнші-композитор Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына арналған «Ән салсаң Әсеттей сал» атты концерт өтті.

Әсет Найманбайұлы – асқақ үнді әнші, ақын, композитор. 1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Бақты ауылында дүниеге келіп, ҚХР, Құлжада 1922 жылы 22 наурызда өмірден озған.

Кешті жүргізген ҚР мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов Әсет шығармашылығының қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихынан алатын орны ерекше екенін атап өтті. «Әсеттің әуен саздары да, өлеңі де өнерімізге қосылған зор үлес. Оның әдеби және музыкалық мол мұрасы халықтың рухани игілігіне айналған, эстетикалық және тәрбиелік мәні зор ұлттық қазына» - деді дәстүрлі әнші, Нұржан Жанпейісов.

Концертке Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Мұрат Әбуғазы, Талғат Әбуғазы, Мұқаш Таңғыт, Ұлжан Ағлақова, Нариман Абдрахманов, Қайратбек Бектұрсын, Қуаныш Алтыбаев сынды өнер өкілдері қатысты.

                                                         

Кешке жиналған жұртшылық Әсет шығармашылығымен жақынырақ танысып, дәстүрлі әсем ән-күйден сусындап қайтты.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі жалпы дәстүрлі ән, күй, жыр кештерін ұдайы түрде өткізіп тұрады. Мақсаты: ұлт руханиятының – ұлы тұлғаларымыз бен ұлттық өнеріміз арқылы жаңғырып отыруына атсалысу.