Домбыра туралы аңыз

Аңыз-әңгіме туралы өз еңбегінде этнограф Өзбекәлі Жәнібеков былай дейді: “Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Екі қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып,  жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің  көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады.

Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбіне келіп, демалады Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басына бұтақтан – бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. “Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар” деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегін қаттылау керілген екен. “Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Маңлық болсын” деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен”.