Ұлт руханиятының қайта түлеуі

Ықылас атындағы халық музыкалық

аспаптар музейінің жетекшісі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ф.ғ.к., жыршы Ұлжан БАЙБОСЫНОВА

 

Ел басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы, алдағы уақыттағы ұлт руханияты дамуының басты көзін оның бағыт-бағдарын айқын көрсетіп берді. Жаһандану дәуіріне аяқ басқан кезеңде, дәл осындай өткір тұста мұндай бағыт-бағдар сілтеу аса маңызды деп білеміз. Ұлттық болмысымызды сақтап қалу, әрі әлемдік көштен қалмау басты көзделген мақсат. Ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін санасы озық ұлтқа айналу негізгі міндет. Текке берік қазақ ұлты қай замандардан болмасын рухани құндылықтарды басты назарда ұстады. Елбасы өзінің мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет, егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды...» – дей отыра, тағылымы мол тарихтың ғасырлар бойы үзілмей жеткен ұлттық салт-дәстүрімізді алдағы өркендеудің берік діңі етіп ұстауымызды атап көрсетті.

«Ұлттық дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – дей отыра, Елбасы ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаған тұста ешқандай жаңғыру болмайтындығына және алдағы уақытта алға басуда кедергі болатын кейбір кертартпа тұсатырымыздан бас тарту керектігін де атап айтты. Яғни елбасы мақаласында «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деген кертартпалыққа жол бермеу, өзгедегі озық жетістіктерді қабылдай білу керек екендігін ерекше атады.   

Осы ретте тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетті. Атап айтқанда бәсекелікті нығайту, білім саласын дамыту, ұлттық сананы қалыптастыру, туған жерге – Отанға деген құрметті арттыру сынды өзекті мәселер.

Сонымен бірге, таяу жылдардағы міндеттерді яғни соның ішінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керек екендігін атап өтті. Латын әрпіне көшудің де өзіндік маңызы зор. Ұлт болашағының кемелденуі мен білім деңгейінің өрістеуіне яғни латын әліпбиін меңгерген ұрпақтың әлемдік тілге айналған ағылшын тілін еркін меңгеруіне де септігі мол екендігін жақсы түсінеміз. Сол сияқты «Туған жер» бағдарламасы да ұсынылды. «Туған жер» – үлкен ұғым. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың дәл осы ұғымның аясында ұрпақ тәрбиелеп, санасына сіңіре отыра бүтін ұлт, ұлыс жасап келгендігін білеміз. Қазіргі таңда жаппай жаһандану есігі ашылып тұрған тұста «Туған жер» ұғымын санамыздан өшіріп алмау, бүгіні мен келешегіне күре жол салу керек екендігі аса маңызды. Дәл өзекті тұста елбасының «Туған жер» бағдарламасын ұсынуы да аса маңызды.

Осы орайда  Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын іске асыру мақсатында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ұлттық өнерді жасаушы өнер тұлғаларының аспаптарын яғни жәдігер мұраларын музей қорына алу ісі қайта жаңғыртылды. Халқымыздың ғасырлар бойы сарқылмай жеткен ән-күй және жыр мұраларын сақтаушы және жеткізушілер есімін есте сақтау және олардың соңында қалған мұраларын кеңінен насихаттау жұмысы жүргізіліп келеді. Музей қорына қазақтың белгілі өнер майталмандарының қолы тиген музыкалық аспаптарын алу арқылы, арнайы кештер мен ресми қабылдау іс-шаралары өтіп тұрады. Сол арқылы ән-күй, жыр өнерімізді насихаттау, халық жадында сақтау және ұлттық санада қайта жаңғырту басты мақсат болып көзделіп отыр. Музей қорынан орын алған құнды экспонаттар қатарына Қазанғаптың күй өнерін жеткізуші, заманында «тірі Қазанғап» атанған Сәдуақас Балмағамбетов, Жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов, шертпе күйдің шебері Уәли Бекенов, қазаққа аты мәшһүр Жиенбай жырау немересі, Рүстембек жыраудың бел баласы, «Қобыланды», «Көрұғлы» жырларын ауызекі жеткізуші жырау Көшеней Рүстембеков, Әсет Найманбаев әндерін жеткізуші, майталман әнші-композитор Дәнеш Рақышев сынды қазақ өнерінің саңлақтарының қолының майы сіңген жәдігер мұраларын ерекше атай аламыз. Сонымен бірге, бүгінгі таңда төл өнеріміздің қаймағын бұзбай, саф қалпында жеткізуші ән мен күй, жыр өнеріміздің орындаушыларының да талай өнер додасында бәйгеге бірге шапқан домбыралары музей төрінен орын алды. Олар Маңғыстау күй мектебінің ірі өкілі Сержан Шакратов, Арқа күй мектебінің дарабозы Мұхамеджан Тілеуханов, Маңғыстау жыр мектебінің дүлдүлі Жеткізген Сейітов, Сырдың сүлейі Алмас Алматов, Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті, ән өнерінің қасқасы Қажыбек Бекбосынов.

Халқымыздың ән-күй және жыр өнерінің сақталуы мен жалғасуына өнерпаздармен бірге аспап жасаушы шеберлердің де орны ерекше, ықпалы мол деп білеміз. Шеберлер қолынан шыққан музыкалық аспаптар ғасырлар бойы рухани музыкалық мұрамыздың үзілмей жетуіне бірден-бір себепкер болумен келеді. Қасиетті домбыра аспабы талай шеберлер қолынан шығып, небір өнер саңлақтарының қолында айнымас өнер серігіне айналды. Сол домбыралар өнердің айнасына айналып, өзінің өн бойынан талай тарихтың сырын ақтарды. Әнші, күйші, композиторларымыз бен жыршы-жырауларымыздың қайталанбас мәңгілік туындыларының дүниеге келуіне күә болды. Өнерпаз бен шебер ұлттық өнеріміздің жасалуы мен оның дамуына қатар үлес қосты деп сеніммен айта аламыз. Қазіргі таңда көненің көзіндей болып жеткен шеберлік өнер де ұстаздан шәкіртке, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып халқымызбен бірге жасасып келеді. Осыған орай, шеберлер ісін қайта түлету және кеңінен насихаттау мақсатында музей «Шеберлер кеңесін» құрып, сол арқылы шеберлер қолынан шыққан қайталанбас туындыларын қорға алу ісін қайта жаңғыртты. Ұлттық өнер және мәдениет халқымыздың тарихи бітім-болмысын айшықтаушы бірден-бір рухани мұра, сарқылмай жеткен қазына. Олай болса, құнды рухани мұрамызды сақтау және келешек болашағына жол салу басты мақсат болып көзделмек.