АЛАШЫМ – АЙБЫНЫМ!

     2018 жылы мамырдың 31-і сағат 17:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай әдеби-музыкалық кеш өтті.

     Саяси қуғын-сүргін құрбандары Президенттің 1997 жылдың 5 сәуірдегі бұйрығынан соң жыл сайын 31 мамырда еске алынады. Сол кезеңде халқымыздың басым бөлігі қасаң да қатаң мемлекеттік саясаттың құрбаны болды. Мыңдаған алаш ардақтылары репрессияға ұшырады. ХХ ғ. басындағы алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары саяси қызметінде ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғауды басты мақсат деп білді. Олар өз халқына тәуелсіздік пен отаршылдық құлдықтан азаттық алу жолындағы күресінде көмектесуге ұмтылды, әрбір адам мен әрбір халықтың жеке бостандығына құқығы және бүкіл адамзат мәдениеті жетістіктері мен табыстарына еркін қол жеткізу секілді жалпы адамзаттық қазыналар үшін күресті.

     Кеште елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері – Рамазан Стамғазиев, Талғат Әбуғазы, Мұрат Әбуғазы, Шолпан Даржанова,  Берік Жүсіп, Нұржан Жанпейісов, Жасұлан Сақаев т.б. өнер көрсетті.

     Кеште Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Кереге уық тапқанмен», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ән туралы», Мағжан Жұмабаевтың «Сен сұлу», Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра», Қапез Байғабылұлының «Қоштасу», «Дүние-ау», Әбдидің «Зар қосбасар», Қыздарбектің «Өткінші қосбасар »т.б әндер мен күйлер орындалды.

     Бүгінгі кештің мәні де, мазмұны да ерекше болды. Себебі, бүгінгі кеш елдің болашағы үшін, ұрпақтың келешек қамы үшін өз өмірлерін жандарын пида еткен ұлт қайраткерлеріне арналды.

     Әдеби-музыкалық кешке жиналған жұртшылық қазақ әндері мен күйлерінен сусындап, керемет кештің куәсі болып қайтты.