Дудыға аспабы

    Дудыға –қазақтың соқпалы-шулы музыкалық аспабы. Әу баста бұл аспапты әскербасылар мен батырлар жорық кезінде ұстайтын болған. Бұл туралы ауыз әдебиеті үлгілеріндегі: «Дудыға қағып, сырнайын тартып» немесе «Дудыға сілкіп қағайын, Дұшпанға ойран салайын, — деп келетін жыр жолдарынан аңғарылады.

     Дудығаның сырт пішіні кәдімгі ұршыққа ұқсас келеді, қолға ұстауға ыңғайлы ұзын сабы, сапқа бекітілген сегіз қырлы, күмбезді сопақша шанағы, шанақ сыртында қайысқа байланған, қатты ағаштан жасалған салпыншақ түймелері болады. Аспап шанағы малдың (көбінесе ешкі) шала иленген жұқа терісімен қапталады, шанақ ішіне ұсақ сылдырмақтар ілінеді. Сап пен шанақ сырты әшекейленіп, басына шашақ тағылады. Сілкіп ойнаған кезде тұтқасының екі жағына ілінген қаққыштары ерсілі-қарсылы керілген көнге соғылып, құдды бірнеше дабыл дүңкілдеп түрғандай дыбыс шығарады.