«Күй қазына»

     2018 жылы мамыр айының 4-жұлдызында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Құрманғазы атындағы халық аспаптарында орындаушылардың ІІІ Республикалық конкурсының лауреаты Түменбаев Нұрлан Әлімұлының «Күй қазына» атты шығармашылық кеші өтті.

     Талантты күйші Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданы Луговой кентінде дүниеге келген. Жамбыл облыстық музыкалық училищесін, 1994-1999 жж. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын тәмамдаған.

   Республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Құрманғазы атындағы халық аспаптарында орындаушылардың ІІІ Республикалық конкурсының лауреаты Нұрлан Әлімұлы бүгінде Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеуде. Кеште күйшінің шәкірттері Серікбол Жұмаділ мен Асанәлі Оспанғали өнер көрсетті.

     Кеште Ықыластың «Қазан», Боранқұлдың «Жұртта қалған», Қазанғаптың «Көкіл», Кетбұғаның «Ақсақ құлан», Байсеркенің «Толқытатын күй», Сүгірдің «Тоғыз тарау», халық күйлері «Келіншек», «Бозайғыр», М. Хамзиннің «Белгісіз солдат», Е. Үсеновтің «Анама» т.б. күйлер орындалып, халықтың ыстық ілтипатына бөленді.

     Кешке жиналған жұртшылық Нұрлан Түменбаевтың шығармашылығымен жақынырақ танысып, керемет кештің куәсі болып қайтты.