Жыр мен күйдің дүлділі

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде 2017 жылдың 28 ақпан күні «Жыр мен күйдің дүлдүлі» атты дәстүрлі музыкалық концерт болып өтті.

Көшпелі өмір аясында қалыптасып, хандық дәуірде айрықша дамыған мәдениет саласы – жыраулық өнер. Қазіргі күнде дәстүрлі жыраулық өнердің насихатталуына атсалысу, бүгінгі күннің танымал жыршыларын дәріптеу, оларды дәстүрлі өнер сүйер халықпен дидарластыру концерттің басты мақсаты болды. 

Жыраулық дәстүрдің өміршеңдігі оның ел тарихы мен ата-баба тағылымына негізделуімен айқындалады. Батырлықты паш ететін, ел қорғау идеясына құрылған қаһармандық жырлар, соның жарқын дәлелі. Ерлік рухына толы көне жыр-дастандар тайпа тарихына құрылып, ұрпақтан- ұрпаққа беріліп отырған. Бұл пікір олардың әдеби мәтіні мен музыкалық мақамына да қатысты.

Жыраулық дәстүрдің тарихы Күлтегін, Тоныкөк, Орхон Енисей жазуларынан, Естеміс-Бұмын қағандарға арналған мадақ жырларынан басталады. Сол жердегі сөз тіркестері де, ондағы мадақ та жыраудың аузынан шыққан деуге толық негіз бар. Одан кейінгі кезеңдерде өткен Қорқыт ата, Сыпыра жырау, Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Үмбетей, Бұқар жыраулардың тізбегі жалғасады.

Бүгінгі қазақ топырағында әріден бастау алатын жыраулық дәстүрді сақтап, біздің заманымызға дейін жеткізген бірнеше тарихи-мәдени аймақ бар. Олар: Маңғыстау, Атырау алқабы, Сыр бойы және Жетісу өлкесі.

Жыраулар елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз ашық айтқан. Қара шаңырақ музейдің концерт залында өткізілген «Жыр мен күйдің дүлдүлі» атты концерт көпшілікке жыршылық, жыраулық өнерді түсініп-түйсінуге, жыраулар сөзіндегі биік рух пен қайрат-күштің әсерін сезінуге үлкен мүмкіншілік туғызған рухани кеш болды.

Асыл мұрамыз насихатталған концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, танымал жырау Алмас Алматов, Бес қала өңіріне танымал жыршы Сәрсенбай Рахманбердиев, Қаратау өңірінің жыраулық-жыршылық  мектебінің өкілі, ҚазҰӨУ-нің ұстазы, «Қорқыт» ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, белгілі жыршы Елікбай Исаев және ҚР Мәдениет қайраткері, Маңғыстау өңірінің даңғайыр жүйрігі Амандық Көмеков сынды ақындық-жыршылық өнердің мұрасын зерттеп, жыраулық-жыршылық өнерді бүгінгі күнге дейін сақтап, үзбей алып келе жатырған дүлдүл жыршы-жыраулар өнер көрсетті.

Жыршылардың орындауында Наурызбек жыраудың «Сөз басы», Мәшһүр Жүсіп Көппеевтің «Өнерпаз», «Бес парыз» термелері, Сүгір жыраудың «Қоштасу» толғауы және Сәбит Оразбаевтың «Төле бидің толғауы», Шернияздың «Батырлар жыры» сондай-ақ, кеште бірінші рет Елікбай Исаевтың орындауында Қаныбек Мейірбековтың «Әкем айтқан нақыл сөз» атты термесі сазды кештің көркін келтіріп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.   

 

Бақытжан Ізімғалиұлы,

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің

аға ғылыми қызметкері.

 

МАҚАЛАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫН ЖЫР МЕН КҮЙДІҢ ДҮЛДІЛІ