Тар аспабы

     Тар (парсы сөзі, «ішек», «жіп») – ішекті-шртпелі музыкалық аспап. Аспаптың алғаш жасалған жері нақты белгісіз, шамамен Парсы империясының аумағы. Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан, Ирак, Иран, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан және Таяу Шығыс елдерінде таралған. Тар Әзірбайжан мен Иранның дәстүрлі музыкасындағы класскалық музыканың жалпы тенденцияларына ықпал еткен негізгі аспап болып табылады.

     2012 жылдың 5 желтоқсанында әзірбайжанның тарда ойнау өнері мен аспап жасау шеберлігі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді.       

     Тар (әзірбайжан, армян), тара (дағыстан), тари (грузин) – 1) Кавказда таралған шертпелі музыкалық аспап. Жалпы ұзындығы шамамен 900-1000 мм. 3 жұп (немесе 3 жұп және 1 жеке) негізгі және 2 жұп бурдонды ішектері бар. Дыбыс плектр арқылы алынады. 2) Араб елдерінде шағын дабыл.

     14-15 ғғ. ортасынан бастап Таяу Шығыс, Әзірбайжан, Иран, Дағыстан, Ирак, Түркияның халық өнерінде тардың өзіндік орны болды. 18ғ. соңы мен 19ғ . басына дейін «Тардың әкесі» атанған талантты әзірбайжандық тарзен (тар орындаушысы) Садыхджан (Мирза Садыг Асад оглы) қайта қалпына келтіргенге дейін кең таралмады. Әзірбайжанда ол кезде тар Карабахта бай-ауқаттылардың жиындарында, Шемахыда тек Махмуд Ағаның өзінің ансамблінде тарға ерекше мән берілді.   

     Тар сөзі «ішек» деген мағынаны білдіреді. Тар – ағаштан ойып жасалады. Иллюстрацияларда байқағанымыздай, тардың корпусы екі тостағаннан тұрады (әдетте тұт ағашынан жасалады), ол жануар немесе  балық терісімен қапталады, ұзын мойны мен басын негізінен жаңғақ ағашынан жасайды. Тардың мойнында – 22 негізгі қалыпты перне және 2-3 қосымша қамысты, корпусқа жапсырылған пернелер бар. Мойынның арнайы саңылауындағы негізгі пернелер алынбалы ағаш қазықшалармен бекітіледі.

     4-6 ішекті, 19 сатылы дыбыс қатарынан тұратын көне тардың жарты тоннан төмен шағын интервалдары болды. Тардың өзге түрлері: дутар (екі ішекті), сетар (үш ішекті), чахартар (төрт ішекті), пянджтар (бес ішекті), шештар (алты ішекті). 18 ғ. соңында Садыхджан тарды реконструкциялап, ішек санын 11-ге жеткізді. Сонымен қатар, аспапта орындау шеберлігін де жетілдірді. Бұрын тар өте үлкен болғандықтан, тізеге қойып, аздап алдыға еңкейіп отырып ойнайтын. Ал Садыхджан аспапта ойнауды тізеден кеудеге ауыстырды. Тарды оң қолмен кеудеге қысып, сол қолмен аккордтарды ұстайды.