Сақпан аспабы

     Сақпан – қазақ үшін қастерлі аспаптардың бірі. Жалпы қазақ халқы ежелден асылын әспеттеуден танбаған халық. Сақпанның да ерекше үнін, өзіндік орнын белгілеген. Аспап сілкімелі музыкалық мұралардың қатарына кіреді. Сақпан, жалпы сілкімелі аспаптардың көпшілігі қазір «Сазген», «Адырна», «Отырар сазы» секілді ұлттық дәстүрді насихаттаған оркестрлердің құрамында өнерін көрсетіп, сүйемелдік жасап келеді. Сақпан аспабын бүгінгі ұрпақпен қауыштырған – Нұрғиса Тілендиев ағамыз.

     Аспаптың жасалуы

     Сақпанды ырғай, бүк, тасжарған секілді қатты, өте шыдамды ағаштардан жасаған. Аспаптың жасалуы аса қиын да емес, бірақ оның сүйемелдеуімен орындалған кез келген күй тыңдаушысының құлақ құрышын қандырары ақиқат. Қоңыр тұрмыста күйбең тірлік кешкен қоңыр мінез қазақтың қоңыр үнді өзіндік таңбасы бар болғандықтан да сақпан аспап дәрежесіне көтерілген секілді. Аспаптың аты дардай болғанмен, оның сыртқы тұрқы өте қарапайым әрі шағын ғана. Ұзындығы бір қарыстай ғана болса, ені 2-3 қана сантиметрден құралған. Көрер көзге еленер-еленбес қана пішіні бар аспаптың үні жүрек тебірентерлік. Сақпанды ағаш тілін түсінер кез келген адам жасай алады. Аспаптың әдіс-тәсілін білмей жатса қысқаша ғана былай жеткізуге болады: аспап жұқа ағаштан кесіліп, сымға немесе жіпке қатар тізіледі. Жасау кезінде ең басты назарда аспаптың дыбыстық үні болғандықтан, оның жаңғырығы кең созылу үшін әрі өте тұшымды болуы үшін ағаштардың арасынан саңылау жасайды. Әрі қарай аспапты әрлеп, оның үнінің ерекшелігін арттырып, бояуын қанықтыра түсу үшін жасаушы қолдың еркі мен патша көңілі біледі. Бас айналасы 4-5, тіпті одан да ерте жасауға болатын аспаптың құрамы осындай.