Шаңқобыз аспабы

    Шаңқобыз – қазақ халқының көне музыкалық аспабы. Шаңқобыз жайындағы мәлімет 1795 жылы жарық көрген «Новые ежемесячные сочинения» журналынан алғаш табылған. 1718 жылы Семейге таяу жерден ашылған сауда орнынан шаңқобыз көшпелі қазақтар сатып аталатын товарлардың тізімінде аталған. 

     ХІХ ғасырдың басында ғалым А.И. Левшин жазған: «Аспапта ойнағанда оны тіске тақап тұрып, ішек орнына орнатылған болат тілшесі қозғалысқа келтіреді» – дегені де аса құнды дерек. Шаңқобыз аспабы ХІХ ғасырдың екінші жартысында еліміздің әр өңірінде кездескендігі жөнінде дәлелдемелер бар. Мысалы, 1850 жылдардың басында Ордада қазіргі Орал облысы жерінде болған саратовтық саудагер Жарковтың жазбаларында батыс аудандарының әйелдері щаңқобызда, ойнайтыны айтылған.

    Шаңқобыздың құрылысы. Шаңқобыздың құрылысы күрделі емес. Оның көлемін әр түрлі етіп жасайды. Ол екі жақ ұшы сүйірленген, ортасында жіңішке тілі бар лираға ұқсайды. Тілшенің ұшы тік бұрыштала иілген, ол тілшені шалып тербеліске келтіруге арналған. Тілшенің екінші ұшы жиекке бекітілген. Тілшенің тербелуіне ештеңе бөгет жасамауы тиіс. Ойнау кезінде ауыздың екі ұрты резонатор қызметін атқарып, дыбысты күшейтеді.

     Аспапта ойнау. Аспапта ойнағанда сол қолдың бас бармағы, сұқ саусақ пен ортаңғы саусағы аспапты ұстап тұрады. Қалған екі саусақ жартылай бүгіледі де ортаңғы саусаққа тақалады. Алақан жартылай жұмылып қуыс жасайды, ол қуысқа аспаптың дыбысы шоғырланады да соның нәтижесінде дыбыс күшейеді. Дыбыстың күші ойнау кезінде ерін мен тістің арасындағы қуысқа тікелей байланысты. Арадағы қуыс неғұрлым тарлау болса, тілшеге бағытталған ауа толқыны соғұрлым көбірек шоғырланады, демек, дыбыс соғұрлым күшті шығады.

     Шаңқобызда ойнау кезінде нақтылы екі дауыс пайда болады. Тілшенің тербелісі бір қалыпты бурдон ретінде дыбыс беріп отырады. Екінші дауыстың биікті жағдайы ауыздың ішінде ұрттағы ауаның көлеміне байланысты. Ал ауаның көлемі тілдің, еріннің және көмейдің қозғалу дәрежесіне қарай кеңейіп таралып отырады. Ертеде шаңқобыз кішкентай балалар мен әйелдер аспабы болған.