18-МАМЫР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ҒАСЫРЛАР ҮНІ» АТТЫ МУЗЕЙ ТҮНІ

     Халықаралық музейлер күнінің тарихы 1977 жылдан бастау алады. Сол жылы 18 мамырда Ресейдің Мәскеу және Ленинград қалаларында өткен Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) ХІ бас конференциясында музейлер күні мәдени мереке болып бекітілді. Европада музей түні алғаш рет Берлинде 1997 жылы өткізіліп, кейіннен Франция және басқа да елдерде жалғасын тапты. Қазақстанда бұл мереке 2006 жылы Мемлекеттік Орталық музейінде атап өтілді.

     Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде мамыр айының 18 жұлдызында Халықаралық музейлер күніне арналған «Ғасырлар үні» атты 4 бөлімді мерекелік іс-шара өтті.

     Бірінші бөлімі «Жәдігер» көрме-жәрмеңкесі деп аталды. Көрме-жәрмеңкеге «Шертер» фирмасы музыкалық аспап жасаушы шеберлерінің қолынан шыққан аспаптар мен бұйымдар бір жағынан көрме, екінші жағынан жәрмеңке ретінде халық назарына ұсынылды. Тарихымыздан белгілі, қазақ жеріндегі жәрмеңкелер тек сауда-саттық қана емес, сонымен қатар өнер ошақтары қызметін де атқарған. Осыған орай, көрме-жәрмеңке барысында қазақ жеріндегі Қарқара, Көкжар (Ойыл), Қоянды, Тайыншакөл жәрмеңкелерінің тарихы баяндалды.

     Екінші бөлімде «Алтыбақан аясындағы театрландырылған қойылым» болды. Театрландырылған қойылымда Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, Ж.Елебеков атындағы РЭЦК, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасының студенттері Базар жыраудың, Үкілі Ыбырайдың, Абайдың, Кенен мен Жаяу Мұсаның, Біржан салдың әндерін шырқап, халық күйлері мен термелерін орындады.

     Үшінші бөлімі «Ғасырлар үні» атты гала-концертке ұласты. Сахнада фольклорлы-этнографиялық «Сазген сазы» ансамблі, дәстүрлі орындаушылар, ҚР Мәдениет қайраткерлері мен Халықаралық конкурстардың лауреаттары – Талғат Мұқышев, Еркін Шүкіман, Нұржан Жанпейісов, Мұрат Әбуғазы, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев, Нұрлан Түменбаев, Шолпан Даржанова, Амангелді Күзеубай, Талғат Әбуғазы, Сырым Нұрмолдин, Эльза Қарабалина, Венера Қаржаубаева, Күнқожа Қайруллалар өнер көрсетті. Сонымен қатар, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Махамбет Өтемісұлы, Ақан сері Қорамсаұлы мен Біржан сал Қожағұлұлының бейнесін сомдады.

     Төртінші бөлімде «Ұлт руханиятын жасаушылар» атты деректі фильм көрермендер назарына ұсынылды. Деректі фильмде Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов, Нұрғиса Тілендиев, Мәдениет Ешекеев, Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Хамзин, Тұрсынғазы Рахимов сынды өнер тұлғаларының шығармашылығы хроникалық бейнетаспалардан көрсетілді.

     Мерекелік іс-шара сағат 17:00-02:00 аралығында өткізілді.

     Кешке жиналған жұртшылық қобыздың сарыны, сыбызғының сырлы дыбысы, домбыраның қоңыр үнімен сусындап, керемет кештің куәсі болып қайтты.