Құрманғазы домбырасы музей сахнасында

                                                                                                БАСПАСӨЗ БАЯНЫ

                                                                        «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында»

     Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 2018–2019 жж. атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі.

     Осыған орай, 2018 жылдың 4 – 6 сәуір күндері сағат 10:00–19:00 аралығында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Құрманғазы Сағырбайұлының Астрахань облысы Алтынжар ауылында орналасқан «Құрманғазы атындағы мәдени орталық» қорында сақталған домбырасының көшірмесі және Құрманғазының төл шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы ресми түрде музейге қабылданады.

     Онымен қоса, «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты үшкүндік көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Құрманғазының дара ауыз мылтығы және шәкірті Дина Нұрпейісованың белбеуі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Дина Нұрпейісованың камзолы,  ХІХ ғ. шапаны мен зергерлік бұйымдар қойылады. 4 сәуір күні 17:00–де көрме күй кешімен жалғасады. Күй кешінде Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашылар құрамы және жеке орындауда Қажыбек Бекбосынов, Батыржан Мықтыбаев, Әсел Алина, Рахат Сәрсенов, Асылбек Ахатов, Едіге Нәбиұлы өнер көрсетеді. Кеш соңында Құрманғазы домбырасының көшірмесі және оның тікелей шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы музей қорына ресми түрде қабылданып, музей экспозициясына қойылады.

     Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деген болатын. Бұл бағытта ұлт пен ұрпақ үшін көтерілген маңызды мәселелерді іске асыру мақсатында, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, ұлттық өнерді жасаушы тұлғалардың жәдігер мұраларын жинауды қайта өрбітуде. Осыған орай, Батыс күйшілік өнері дегенде есімдері бірінші болып аталатын – Махамбет пен Құрманғазы болса, ғасыр асып Құрманғазының қолына ұстаған қара домбырасының көшірмесі және төл шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы музей қорына алынғалы отыр.

     Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі жерінде дүниеге келген. Оның күйлері өмірбаяндық негізге құрылған. Олар нақты оқиғаға байланысты шығарылған, әрқайсысының тарихи негізі бар туындылар. Патшалық Ресейдің отаршыл саясатының ықпалы Құрманғазы тағдырына да әсер етпей қоймаған. 1830 жылдары Исатай Тайманұлы және оның серігі Махамбет Өтемісұлы бастаған Жәңгір ханға қарсы шаруалар көтерілісінде Құрманғазы да болады. Сол жылдарында «Кішкентай» деген күй шығарады. Осы туындысы арқылы ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Күйші шығармашылығындағы негізгі тақырып – халықтың азаттығы мен бостандығы. Оның «Адай», «Төремұрат», «Саранжап» секілді күйлерінен асқақ батырлық рух сезілсе, «Аман бол шешем, аман бол», «Айда, бұлбұл Айжан-ай», «Балқаймақ» сынды туындылары ой-толғам, сырлы сезім толғаныстарына құрылған.

Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24А.

Анықтама телефондары: 8 (727) 291-69-17; 291-63-16

Музей сайты: www.yqlasmusmuseum.kz

E-mail:

Facebook: Халық музыкалық аспаптар музейі