Қазақстан мен Индонезия елдері ынтымақтастығының 25 жылдығына арналған мерекелік концерт

     2018 жылдың 20 сәуір күні сағат 14:00 де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Қазақстан және Индонезия елдері арасындағы ынтымақтастықтың 25 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті.

     Индонезия Республикасы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін 1991 ж. 28 желтоқсанда мойындаған алғашқы мемлекеттер қатарына жатады. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылдың 2 маусымынан бастау алады. 25 жыл ішінде мемлекеттер саяси, парламент аралық, халықаралық ұйымдар мен форумдар, сауда-экономикалық, әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салаларда байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынас жасауда. Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне 2017 жылы мамырда тағайындалған Рахмат Прамоно екі ел арасындағы достық қатынастардың дамуы бағытында еңбек етуде.

     Атаулы дата аясында өнерпаздар қазақ елін Индонезияның дәстүрлі музыка мәдениетімен таныстырды. Индонезия музыканттары ұлттық аспаптары «сасандо», «ангклунгты» дыбыстандырып, өнерпаздары ұлттық би өнерімен таныстырды. 

     Аталған іс-шараға Индонезия Республикасының Қазақстандағы өкілетті елшісі Рахмат Прамоно қатысты. Кеш соңында Индонезияның ұлттық музыкалық аспаптары «сасандо», «ангклунг» музей қорына табысталды.

     Қазақстан және Индонезия елдері арасындағы ынтымақтастықтың 25 жылдығына арналған мерекелік концерт қала тұрғындары мен қала қонақтарына ерекше кеш сыйлады.