Музей қоры жаңа аспаппен толықты

 

Жуырда Ықылас атындағы саз аспаптар музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған ұлттық код, ұлттық сана бағдарламасын іске асыру аясында белгілі шебер Сапарбек Ділмановтың саз аспаптар коллекциясын салтанатты түрде музейге сыйға тапсыру рәсімі өтті. 

Қазақ мәдениеті үшін ерекше оқиға деуге лайық шара музей жанынан «Шеберлер кеңесінің» құрылуымен тұспа-тұс келді. Музей директоры Ұлжан Байбосынова «Кеңесті құрудағы мақсатымыз – музыкалық аспаптар жасайтын шеберлердің қолтаңбасын қалдыру, аспап жасаушы халық шеберлерінің өнерін көпшілікке кеңінен насихаттау, музей жәдігерлерінің қатарын толықтыру» деп атап өтті.
Кеңестік кезеңде жойылып кетуге таяу қалған көне музыкалық аспаптар мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің жандануы Ахмет Жұбанов және Болат Сарыбаев есімдерімен тығыз байланысты екені белгілі. Олар өткен ғасырда қазақ өнерінің қайта дамуына сүбелі үлес қосты. Танымал мәдениет қай­раткерлерінің еңбегінің нәтиже­сінде қазақ халқының бай мұрасы кеңінен насихатталып, ұмыт бола бастаған төл өнеріміз қайта жанданды.
Ал егемендікке қол жет­кіз­ген жылдары ұлттық құнды­лық­тарымыздың жаңғыруына жаңаша серпін беріп, ән-күй өнерінің жаңа биікке көтерілуіне халық шеберлерінің жаңа толқыны батыл кіріскені мәлім. Сондай игі істерге үлес қосуды перзенттік парызым деп білген азаматтардың бірі – тәжірибелі шебер Сапарбек Ділманов болатын. Ол 1989 жылы «Шертер» кәсіпорнын ашып, ұлттық аспаптар шығарумен айналысты. Сапарбек Әліұлының бастамасымен шеберлер домбыра, қобыздан бастап, шертпелі, ыспалы, үрмелі аспаптарды бірінен кейін бірін жаңғыртып жасады. Ең бастысы, өнімдердің сапасы жоғары болуы­на мән берген кәсіпорын кәсіби мамандардың талаптарына сай 50-ден астам саз аспаптарын шығаруды жолға қойды. Бүгінгі таңда сапалы өнімдерімен алыс-жақын шетелдерге таныла бастаған «Шертер» фирмасының басы-қасында Сапарбек Әліұлының інілері Бақытжан мен Мейірбек Ділмановтар жүр. Олар ұстаз, аға еңбегін лайықты жалғастырып келеді. Саз аспаптарын музейге тарту ету де Сапарбек шебердің есімін есте қалдыруды көздейді.
– Сапалы аспаптан ғана сапалы үн шығады, – деді жиында Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахет. – Бүгінгі күні сонау ғасырлардан бері келе жатқан ұлттық аспаптар үнін ажыратып беретін мамандар көп емес. Сондықтан Ділмановтар әулеті сияқты нағыз шеберлердің қолынан шыққан тұтас бір оркестр аспаптарының музей қорына қосылуы қуантарлық жайт. Бұл болашақ үшін керек.
Ділмановтар қолынан шыққан 17 аспаптың музейге тапсырылу рәсімінен кейін музей қызметкерлері әрбір аспапты таныстырып, ойнап көрсетті. Музейдің жаңа жәдігерлерінің бір ерекшелігі – олар құнды зат ретінде жай сөреде тұрып қана қоймай, музей жанындағы оркестрде пайдаланылатын болады.
Осыдан кейін әріптестері ұлттық өнерді өмірінің мәні санаған Сапарбек Ділманов туралы сөз қозғап, қазақтың дәстүрлі көне музыкалық аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан атақты шебер Қамар Қасымовтың, ұстаздары Оразғазы Бейсембаевтың еңбегін еске алды. Сондай-ақ жиынға қатысушы шеберлер өз есімдерінің әншілер мен күйшілердің тасасында қалатыны жөнінде қынжылыстарын білдірді. Белгілі ұста Тұрсынжан Құлментегі «Шеберлердің еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында музей қорын толықтырумен бірге, шеберлердің өнерін де жаңғырту, оларға жағдай жасау қажет. Қазақтың мәдениетін зерттеу, насихаттау жағы әлі де назар аударуды талап етеді. Ел ішіне ғылыми экспедициялар ұйымдастыру да осы іске септігін тигізер еді. Сондай-ақ қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасаушы шеберлер туралы бүкіл дерек осы музейден табылса құба-құп» деген ұсынысын жеткізді.
Танымал күйші Мұрат Әбуғазы күйшілер қауымы саз аспаптарын жасаушылардың өнеріне тәнті екенін айтып, бүгінгі шараның музей тарихында қалатынын айтты. Ол домбыраның дыбыс ерекшелігін ретке келтіруде шебердің тәжірибесі мен біліктілігі маңызды екенін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Ұлжан Байбосынова «Шертер» кә­сіп­­орнының басшысы Бақытжан Ділмановқа алғыс айтып, шебердің игі бастамасы қазақ кәсіпкерлеріне үлгі болуы тиіс екенін жеткізді. Музей директоры жаңа құрылған «Шеберлер кеңесінің» ай сайын өткізілетін отырысында осы саладағы өзекті жайттар талқыланып, өзара тәжірибе алмасу, жастарға үйрету мәселесі қолға алынатынына сенім білдірді.

Дина ИМАМБАЕВА

Мақаланың толық нұсқасын осы сілтеме бойынша көре аласыздар