Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде қайырымдылық концерт өтті

30 маусым күні Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ұйымдастыруымен су тасқынынан зардап шеккендерге арнап, «Хассак» этно-фольклорлық ансамблінің қайырымдылық концерті болып өтті.

«Хассак» этно-фольклорлық ансамблі – бұл қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары мен ескі түріктік әскери музыкалық сарындарды жаңғырта орындайтын қазіргі заманға икемделе құрылған ансамбль. Бұл құбылыс қазақ халқының ерік-жігер, жоғары рухпен қадір-қасиетін көрсетеді. Ежелгі аспаптарды жаңаша музыкалық нақышқа келтіре отырып, мәдени мұраның насихатталуына өз үлестерін қосып жүрген шығармашылық ансамбль ұжымы, қазіргі заманғы тыңдаушыға қазақ халқының ұлттық аспаптық музыкасын ұсынады. Ансамбль қазақтың ұлттық қобыз, домбыры, сыбызғы, саз-сырнай және де ежелгі қазақ аспаптары мүйізсырнай, шаңқобыз, мессырнай, қамыссырнай аспаптарын шығармаларына арқау етеді.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің, ғылым бөлімінің меңгерушісі Шара Оңғарқызы концертке келген көрермендерге алғыс айтып, қайырымдылық концерттің бірнеше жылдан бері болып жатқан су тасқынынан зардап шеккендерге арналып өткізілгендігін жеткізді. Сонымен қатар, көрермендерге рухани әсерлі кеш сыйлап, белсенді атсалысқаны үшін Хассак этно-фольклорлық ансамбліне музей атынан алғыс хаттар табысталды.