«Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік семинар

     2018 жылдың 23 қарашасында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

     Семинарға Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері, археолог А.Е Чотбаев, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері, археолог Ғ.Қ. Қиясбек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы, археолог Б.Б. Бесетаев, археология, этнология және музеология кафедрасының студентері мен Алматы қаласы музейлер бірлестігі қызметкерлері қатысты.

     Семинарда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Ұ.М Байбосынова алғы сөз сөйлеп, семинар тақырыбының өзектілігіне тоқталып өтті.

     Семинар барысында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері, археолог А.Е Чотбаев «Қазақ Алтайындағы Қарақаба қорымы» тақырыбында баяндама жасап, «Қарақаба» археологиялық нысанда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған музыкалық аспаптар жөнінде толыққанды ақпарат берді.

     Сонымен қатар, Ықылас атындағы ХМАМ қор сақтаушысы Е.Е. Айдарханова «Қазақстан музейлеріндегі археология қазба жұмыстары барысында табылған музыкалық аспаптар», Ықылас атындағы ХМАМ аға ғылыми қызметкері Ж.Н. Қожахан «Әлемдік тәжірибедегі музыкалық археология», Ықылас атындағы ХМАМ ғылыми қызметкері Н.Қ. Ибадуллина «Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорында сақталған Алтын Орда кезеңінің музыкалық аспабы» тақырыптарында баяндамалар жасады.

     Аталмыш тақырып төңірегінде пікір-талас болып, келер жылғы конференцияға ұсыныстар айтылды.