Ақан серінің көзі

Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейіне ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының домбырасы салтанатты түрде тапсырылды. Мерекелік шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек арнайы келіп, құнды жәдігерді музей сөресіне өз қолымен орналастырды. 

Дарын иесіне ұзақ жыл серік болған аспапты кезінде Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов туыс­тарынан алған екен. Қарымды қалам­гердің Ақан серінің өмірі мен шы­ғармашылығын түбегейлі зерттеп, екі том роман жазғаны жұртшылыққа мәлім. Әкесі өмірден өткеннен кейін қызы Гүлмира мемлекеттік мекеменің ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтиже­сінде құнды жәдігерді музей қорына тапсырып, көпшілік көзайымына айналдыруды жөн санапты.
Ұлы тұлғаларымыз бен асыл өнері­мізді насихаттау арқылы ұлт руха­ниятын жаңғыртуды көздеген кештің жүргізушісі, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы қазақ өнерінің алтын ғасыры – ХІХ ғасырда небір майталмандардың дүниеге келгенін айтып өтіп, солардың бірі де бірегейі Ақан серінің өмірі мен өнер жолына шолу жасады. Соңына өшпес мол мұра қалдырған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди, Естай тағы басқа тұлғаларды таныту мақсатында музей қабырға­сында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Ақан сері домбырасы музей сахнасында» аталған концерттік бағдарламада әнші-композитордың «Шәмшіқамар», «Маңмаңгерін» Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, «Ақтоқтының Аужарын» Гүлсім Арысбаева, «Іңкәр-ай» әнін Жоламан Құжиманов, «Мақ­палын» Айдана Асанбаева, «Балқа­дишасын» Талғат Әбуғазы, «Құлагерін» Тілеулес Құрманғалиев, «Шырмауы­ғын» Аманкелді Күзеубай, «Май­дақоңырын» Құралай Шаяхметова, «Көк көбелегін» Саят Нұрғазин, «Сырымбетін» Ерлан Төлеутай әуелете шырқады. Бұдан бөлек, Тәттімбеттің «Қосбасарын» Сырым Нұрмолдин төкпелетсе, Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін Мұрат Әбуғазы тарту етті.

Мақаланың толық нұсқасын осы сілтеме бойынша көре аласыздар