Ұлттық мұраларымызды музей мүлкі болып қалудан сақтасын

 

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.к., 

жыршы Ұлжан Байбосынова

 

Музей – тарихтың айнасы деген ұғым бар. Өйткені адам баласы айнадан өзінің қазіргі келбетіне қоса бұрынғы ата-бабаларының кейпін де көре алады. Тарих қойнауына өтіп кеткен тұлғаларымыздың тұтынған мүліктерін жинап, сақтап, зерттеу нысанасына айналдырумен қоса ағартушылық сипаттағы іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақтың санасына жеткізіп, зердесіне құйып отыру, міне, бүгінгі музей қызметінің басты қағидаттарының бірі осы. 

Қазақтың ән, күй, жыр мұрасы атадан балаға, ұстаздан шәкіртке мирас болып жалғасып келе жатқан сан ғасырлық тарихы бар өнер. Ілкі тегі тереңнен бастау алатын руханият үлгілерін жасаушылар, жеткізушілер, жалғастырушылардың көші бір сәтке де тоқтаған емес. Сондай көнбістігінен де болар, қазақ мәдениеті дүрбелеңге толы кезеңдерден өтіп, тамырына балта тиген дәуірлерді де басынан өткізгенімен ұрпақтардың жады арқылы өшпей келе жатыр. Аманатқа қиянат жасамауды парыз санаған ұлтымыз ән әуенін өшірмей, күйді кие тұтып, жыр жауһарларын ұрпақ санасында сақтап келген. Берісі қазақ, әрісі әлем музыкасы мен музыкалық аспаптары тарихынан білім нәрін беріп, оларды жұрт алдында насихаттаумен келе жатқан Орта Азиядағы санаулы қарашаңырақтардың бірі – Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі екені баршаға белгілі.

Бұл музей 1980 жылы белгілі этнограф ғалым, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен құрылған. Мұнда сонау есте жоқ ескі күндерден келе жатқан бақсы-балгерлердің тұтынған мүліктерінен бастап жыршы, әнші, күйші композиторлар ұстаған музыкалық аспаптары – қобыз, домбыра, сырнай, сыбызғылардың мол қоры сақталған. Бүгінгі таңда музей экспонаттар қорын толықтыруды үздіксіз жалғастырып келеді. Соңғы екі жылдың көлемінде ғана музей қорына белгілі тұлғалардың жиырмадан аса музыкалық аспаптары қабылданды. Бұл қатарда заманымыздың «Қазанғабы» атанған домбырашы Сәдуақас Балмағамбетов, шертпе күйдің шебері Уәли Бекенов, жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов пен Дәнеш Рақышев, күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов, дүлдүл жыршы Көшеней Рүстембеков секілді қазақ өнеріне сүбелі үлестерін қосқан тұлғаларды атауға болады.

Экспонаттарды музей қорына қабылдаумен қатар аталмыш тұлғалар жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізу де біршама жолға қойылған. Сонымен бірге олардың шығармашылығын насихаттау басты мақсатымыздың бірі болып есептеледі. Халқымыздың ән, күй, жыр өнерінің сақталуы мен кейінгі буынға жалғастық табуына айтарлықтай үлестерін қосып келе жатқан музей өнер тарландарын насихаттау арқылы ұлттық өнердің дамуына өзіндік игі ықпалын тигізе бермек.

Ғасырлардан жеткен қазыналы өнеріміз қазақ қоғамындағы рухани қозғаушы күштің бірі болған. Ендеше оны насихаттау және күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлшегіне айналдыру басты қағидамыз деуіміз де сондықтан. Осы мақсатпен музейдің концерт залында тегін, әрі үздіксіз өткізіліп отыратын қазақ әні-күй кештері әлі де болса тыңдарман жағынан жетімсіздіктің күйін кешуде. Өкінішті болса да айтайық, ғасырлар бойы тыңдаушыдан бағы жанып келген ұлттық өнеріміз бұл күнде өзін-өзі тыңдайтын мүшкіл халге түсіп отыр. Ұлттық болмысымызбен біте қайнасып келе жатқан асқақ ән, көнекөз жыр, шежірелі күй өнерімізді тек қана музей мүлкіне айналып, шегенделіп қалудан сақтаса екен деген де қорқынышымыз жоқ емес. Егемендігімізді алып еңсемізді көтерген еркін заманда төл өнеріміздің тыңдаушысы азайып, жетімнің күйін кешуі үлкен сын. Дегенмен жер бетінде қазақ деген халық бар кезде өнер өлмейді деген сенім мен ойдан ажырағымыз келмейді.

Саздың даусы саңқылдаған қасиетті музейімізге келіңіздер, ескі тарихтың куәсіндей болған саз аспаптарын өз көздеріңізбен көріңіздер, ұжымның бүгінгі жетістіктеріне куә болып, көңілдеріңізді бір көншітіп қайтыңыздар ағайын!