Мондолина аспабы

     Мандолина – шағын ішекті-шертпелі музыкалық аспап, лютня типтес – лютня-сопрано, бірақ мойны қысқа және ішектер саны аз. Ішектерді медиатор, саусақтармен және құс қауырсыны көмегімен шертеді. Мандолинада тремоло техникасы қолданылады. Мандолинаның металл ішектерінің дыбысы қысқа болғандықтан, созыңқы ноталарды бір дыбысты қайталау арқылы алады.

     Мандолинаның арғы тегі XVII ғ. соңы – XVIIІ ғ. басындағы итальяндық сопрано лютнясы болды. Тек Неапольде жасалған аспаптың қатты майысқан түрі ХІХ ғ. мандолинаның үлгісі болды. Аспап тарихы XІV ғ. жасалған мандоладан бастау алады. Мандолина Еуропада тарала бастағанда оның атаулары да көбейіп, мемлекетке байланысты құрылымдық ерекшеліктері де қалыптасты.

     Мандолинаның заманауи үлгісі («генуя мандолинасы»)туралы алғашқы деректер Еуропаны шарлап, музыкалық аспаптарда ойнауды үйретіп, концерттер берген итальяндық саяхатшылардың жұмыстарында кездеседі. Ең маңызды жазбалар XVIІІ ғ. ортасынан ХІХ ғ. басына дейін саяхаттаған Гервазио Виначиаға тиесілі. Неаполитандық музыканттар отбасы Виначиалардың бұл жазбалары тарихшылар арасында аспапты Неапольде Виначиа отбасы жасады деген пікір қалыптастырды. Мандолинаның кейінгі нұсқасын 1772 ж. Антонио Виначиа жасады. Бүгінде бұл нұсқа Лондондағы Виктория мен Альберт Музейінде сақтаулы. Аспаптың тағы бір Джузеппе Виначиаға тиесілі нұсқасы 1763 ж. жасалып, бүгінде Калифорнияның Клермонт қаласындағы Музыкалық Аспаптар Музейінде сақталған. Бүгінге дейін жеткен мандолинаның ең алғашқы нұсқасы 1744 ж. жасалды, оны Брюссель Патша консерваториясынан табуға болады.