Чатхан аспабы

     Чатхан (хак. Чадыған) – цитра тәріздес, хакастардың көп ішекті шертпелі аспабы. Корпусы ағаштан жасалады, жалпы ұзындығы 1000-1500 мм. Корпус-резонатор сопақша жәшік формасында, әдетте түпсіз, ұзына бойы ішектер тағылған.

     Ертеректе қарағайдан тұтастай ойып жасайтын, кейінірек бөлек ағаш бөліктерінен жинап, жапсыратын болды. Бұрынғы чатханда жылқы қылынан жасалған 3-4 ішек болды. Кейде 14 ішек қолданылуы мүмкін. Әдетте 6-7 болат ішектер әрқайсысының астында орналасқан сүйек тіреуіштер – асықтар арқылы қалыпқа келтірілді. Аспапты бір жағын тізеге, екіншісін жерге қойып отырып, оң қолмен – шертіп ойнайды.

     Чатхан – хакастардың кең таралған көне музыкалық аспабы. Батырлық жырларды, тахпахтарды (өлеңдер) және басқа да шығармаларды орындауда қолданылады. Чатхан – хайджи (хакас эпосын орындаушы), тахпахчилардың (әншілердің) серігі. Сонымен қатар, ансамбль мен оркестрде де қолданылады.

     Халық орындаушылары ішектерді оңнан солға қарай санайды. Чатханның әрбір ішегінің өзіне тән атауы бар. 1-ші ішек – хырыгда (шеткі), 2-ші – чоон (жуан), 3-ші – икинчи чоон (екінші жуан), 4 пен 5-ші ішектер – пасчан немесе пазарга (басу), 6 ішекті чатхандағы 6-шы ішек – ин искечек (ең жіңішке), 7 ішекті аспаптағы 6-ші ішек – икинчи ичкен (екінші жіңішке), 7-ші – ин искечек (ең жіңішке). Ішектердің атаулары олардың дыбыс жоғарылығына (2,3,6,7), орналасуы (1), ойнау тәсілдеріне (4,5) байланысты айтылады. Қызметіне қарай ішектер әуендік (1,4,5,6,7) және сүйемелдеуші (2,3, кейбір орындаушыларда 4) деп жіктеледі.