Чадаган аспабы

     Чадаган – көп ішекті шертпелі-ұрмалы аспап. Тембрлік реңі бойынша орыстың гусли және еуропалық цитра аспаптарына ұқсас. Диапазон –бірінші октавадағы Ғ (фа) - үшінші  октавадағы Н (си). Аспапта ойнау барысында тувалықтар дыбыс шығарудың түрлі тәсілдерін қолданды: оң қолмен шерту – шымчып ойнаар, шертіп – согуп ойнаар, сол қол тек ішек астындағы асықтарды қозғалтуда ғана қолданып, күйді басу – хылдап ойнаар, мүйіз немесе тұяқтан жасалған медиатормен, ағаш таяқшалар пайдалану – тогдур/ догуур.

     Аспаптың корпусы тұтас қарағайдан ойып жасалған тікбұрышты жәшік пішіндес, төңкерілген түбі – жоғарғы дека, онда бір резонаторлық саңылау, жанынан қосымша екі саңылау жасалады. Төменгі дека қызметін тірек-үстел атқарады. Корпус өлшемдері: ұзындығы 1,1-1,5 м, ені 12-15 см, биіктігі 8-12 см. Жоғарғы декаға жеті ішек тағылады, дәстүрлі чадаган аспабының ішектері ірі қара малдың сіңірінен немесе қой-ешкі ішектерінен жасалатын.

     Заманауи чадаганның ішектері металдан жасалады. Көне чадаганның дыбысы жұмсақ, тыныш әрі ішектерінің саны түрлі болды (4,6,7,8,12). Бүгінгі аспаптың дыбысы қатты, себебі ішектері металдан дайындалады.