Музей қоры Индонезия елінің музыкалық аспаптарымен толықты

    Үстіміздегі жылы Қазақстан мен Индонезия Республикаларының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай, Индонезия Республикасының Қазақстандағы өкілетті елшісі Рахмат Прамоно арнайы екі ел арасындағы достықтың 25 жылдығына орай Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне Индонезия елінің гамелан, генданг және ребаб музыкалық аспаптарын сыйға тарту етті.

    Индонезия Республикасының елшісі Рахмат Прамоно сыйлаған музыкалық аспаптарды өз қолымен музей экспозициясына қойып, «Музейге табысталған музыкалық аспаптар арқылы музей келушілері Индонезия халқының музыкалық өнерімен таныса алады. Индозения елінің музыкалық аспаптарын музейге өткізу екі ел арасындағы мәдени және достық қарым-қатынастың жан-жақты дамығанын көрсетеді және де бұл үрдіс ары қарай жалғасын табады» - деп сенім білдірді. Музей директоры Байбосынова Ұлжан Мәлікайдарқызы: «Музейге келушілер қазақ халқының музыкалық аспаптарымен қатар, Азия халықтарының музыкалық мәдениетіне үлкен қызығушылық танытады. Осы орайда, Индонезия халқының музыкалық аспаптарының музей қорына қабылдануы, музей келушілеріне аталған елдің дәстүрлі музыкалық өнерімен терең танысуына мүмкіндік тудырады» - деп атап өтті.

    Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың 20-сәуір күні Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Қазақстан және Индонезия елдері арасындағы ынтымақтастықтың 25 жылдығына арналған мерекелік концерт өткен болатын.

     Атаулы дата аясында өнерпаздар қазақ елін Индонезияның дәстүрлі музыка мәдениетімен таныстырды. Индонезия музыканттары ұлттық аспаптары сасандо және анклунгта өнер көрсетіп, өнерпаздары ұлттық би өнерімен таныстырды. Аталған іс-шараға Индонезия Республикасының Қазақстандағы өкілетті елшісі Рахмат Прамоно қатысты. Кеш соңында Индонезияның ұлттық музыкалық аспаптары сасандо және анклунг аспаптары музей қорына табысталды.

    Индонезия Республикасы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін 1991 ж. 28 желтоқсанда мойындаған алғашқы мемлекеттер қатарына жатады. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылдың 2 маусымынан бастау алады. 25 жыл ішінде мемлекеттер саяси, парламент аралық, халықаралық ұйымдар мен форумдар, сауда-экономикалық, әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салаларда байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынас жасауда. Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне 2017 жылы мамыр айында тағайындалған Рахмат Прамоно екі ел арасындағы достық қатынастардың дамуы бағытында еңбек етуде.