«Әлем музыкалық аспаптары музей сахнасында» атты халықаралық музыкалық аспаптар фестивалі

     Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Алматы қала күніне орай, Алматы қаласы мен Вильнюс (Литва), Минск (Беларусь), Будапешт (Венгрия) қалаларының арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында халықаралық «Әлем музыкалық аспаптары» атты фестивалі өтті.

     Бүгінгі күнде Алматы қаласы мен Вильнюс (Литва), Минск (Беларусь) қалалары арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықтың орнауына 20 жыл, Будапешт (Венгрия) қаласымен бауырластық пен ынтымақтастықтың орнауына 15 жыл толып отыр.

     Аталған қалалар арасындағы бауырластық пен ынтымақтастық қатынастарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған фестиваль аясында Беларусь, Литва, Венгрия өнерпаздарының скрабалай, канклес, скрипка, бирбине, бубен, трещотка, цымбалы секілді аспаптарда шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Шара «Әлем музыкалық аспаптары музей сахнасында» фестиваліне қатысушы өнерпаздардың Жібек жолы көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолында «Аспан астындағы музыка» атты концертімен жалғасты. Концертте Литва Республикасының музыканттары Жемина Тринкунайте «Дәбесис» әнімен, Регимантас Шилинскас «Швентиме полькасы» әнімен, «АVE VITA» ансамблі «Луч надежды» шығармасымен, Венгрия елінен фестивальге қатысушы «Фоно зенекар» ансамблі «Бақташылар әуенімен», Беларусь елінің «Яррыца» халық музыка және ән ансамблі халық әндерімен, «Беларусь билері» туындысымен өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөленді. Іс-шараның қорытынды гала-концертінде Мәдениет ісінің үздігі Гүлфайруз Далбағайдың жетекшілігіндегі «СазАрт» сазсырнайшылар ансамблі «Үш теке» күйін, Мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы Дәулеткерейдің «Саржайлау» күйін, Мәдениет қайраткері, әнші Нұржан Жанпейісов әнші Дәнеш Рақышевтың әні «Жер сұлуы ­ Жетісу», танымал орындаушы Нұргүл Жақыпбектің жетекшілігіндегі «Кәусар» жетігеншілер ансамблі Н. Тілендиевтің «Аққу» күйін орындаса, фестивальге қатысушы жоғарыда аталған Литва, Венгрия және Беларусь елдерінің өнерпаздары өнер көрсетіп, концерт фестивальдің барлық қатысушылары орындаған қазақ халық әндерінен құралған попурримен аяқталды.

     Концерт барысында фестивальге қатысушы мемлекеттердің өкілдері ұйымдастырушы тарапқа алғыс білдіріп, мұндай бастаманың қалалар арасында бауырластық пен достық, ынтымақтастық қатынастардың өрбуіне елеулі үлес қосатынын тілге тиек етті.

     Фестивальге қатысушы мемлекеттер – Венгрия Республикасы – кечкедуда, Беларусь Республикасы – дудка, Литва Республикасы – канкляс, рожок, скудучей, литва ағаш қоңырауы, бирбине атты музыкалық аспаптарын музей қорына салтанатты түрде табыстады.

     Аталған шараға Алматы қаласының әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Венгрия Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Юдит Ланг, ЮНЕСКО клубтары Беларусь Ассоциациясының төрағасы, ЮНЕСКО Ассоциациялары, орталықтары және клубтарының Әлемдік Федерациялар Вице-Президенті, Беларусь Республикасының ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиясының мүшесі Дмитрий Субцельный, Литва Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Дариус Виткаускас, ҚР Мәдениет қайраткерлері мен дәстүрлі өнер жұлдыздары қатысты.