«АҢЫЗ ДОМБЫРА» - домбыра аспабын жасаушы қолөнер шеберлерінің ІІ Республикалық байқау-бәйгесі

     Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Алматы қаласы күніне орай Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ұйымдастыруымен 2018 жылы қыркүйектің 14-і күні домбыра аспабын жасаушы қолөнер шеберлерінің ІІ Республикалық «Аңыз домбыра» байқау-бәйгесі өткізілді.

     Байқаудың мақсаты – сан ғасырлық тарихы бар музыкалық аспаптар жасау шеберлігін жандандыру, сол арқылы жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін ояту.

     Байқау-бәйгенің шарттары осыдан екі-үш ай бұрын ақпарат құралдары арқылы жарияланды. Байқауға екі түрлі нұсқадағы домбыра қатыстырылды. Олар: жұмыр және қалақ шанақ домбыралар. Соның нәтижесінде байқау - бәйгеге еліміздің әр түкіпірінен 39 шебер қатысып, келіп түскен домбыраның жалпы саны - 59 дананы құрады.

     Домбыра аспабын жасаушы қолөнер шеберлерінің ІІ Республикалық «Аңыз домбыра» байқау-бәйгесіне күйші-зерттеуші, ҚР Мәдениет қайраткері ¬ М. Әбуғазы, жыршы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, музей жетекшісі ­ Ұ. Байбосынова, Мәдениет саласының үздігі, күйші – С. Садықов, домбырашы, күйші – Б. Мықтыбаевтар қазылық етті.

     Байқау-бәйгеге 7 орын белгіленген. Олардың арасында: Бас жүлде, 1 – бірінші, 2 – екінші, 3 – үшінші орындар.

     Байқау-бәйгенің қорытындысында жүлделі орынға ие болған домбыралар музейдің негізгі қорына сақталады. Сол арқылы аспап және оны жасаушы шебердің шығармашылық жұмысы кең көлемде насихатталады.

     «Аңыз домбыра» ІІ Республикалық байқау-бәйгесінің қазылар алқасының қорытындысы бойынша: бас жүлде – Тежекенов Талант, І орын – Құрманғалиев Тілеулес, ІІ орын – Уәлиев Еркебұлан мен Тежекенов Талант, ІІІ орын – Ниязбеков Әсемхан, Мұстафаев Алмас, Мамыржан Нұрдос, дипломант – Жанасылов Талғат. Ниязбеков Әсемхан, Мұстафаев Бағдат, Молдабеков Берікбол, Үкенов Бекмұраттар марапатталды.

     «Аңыз домбыра» байқау-бәйгесінің қорытындысында Бас жүлде мен І орын алған домбыралар «Әлем музыкалық аспаптары музей сахнасында» атты гала-концертте дыбыстандырылып, өнер көрсетті. Бас жүлде алған Тежекенов Таланттың домбырасымен ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-зерттеуші Әбуғазы Мұрат күй тартса, І - орын алған Құрманғалиев Тілеулестің домбырасымен ҚР мәдениет қайраткері, әнші Жанпейісов Нұржан өнер көрсетті.