«Ән көктем»

     2018 жылы мамыр айының 1-жұлдызында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасы 2 курс студенттерінің 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Ән көктем» мерекелік концерті өтті.

     Атаулы мерекенің тарихына зер салсақ, ол 1996 жылдан бастап тойланады екен. 1995 жылдың 18 қазанында Елбасы Н. Назарбаевтың жарлығы бойынша, 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Оның негізгі мақсаты – 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басқан Қазақстанда түрлі ұлттардың бір-біріне деген сый-құрметін арттыру, татулықты, бірлік-берекені, ортақ құндылықтарды насихаттау.

     Жыл сайын бұл күні Қазақстанның түкпір-түкіпірінде тұрып жатқан ұлт пен ұлыс өкілдері ортақ мекенімізде тату-тәтті, ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.

     Мерекелік кешке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасының 2 курс студенттері – Ә. Аманжол, Н. Елемесов, Б. Айтахметов, Қ. Ахмет, Ә. Әлімжан, М. Бек, Қ. Шәкен, Б. Құбашев, Б. Нұриддинұлы, Д. Сләмғали, Ә. Мағжанова, Д. Шынғалиевалар өнер көрсетті.

     Кеште Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық», «Сыпыра жыраудың термесі», Кененнің «Алатау алабында», Ғ. Құрмағалиевтің «Сәлем», халық әні «Ағажай-Алтай» т.б әндер шырқалды.

     Кешке жиналған жұртшылық қазақ әндерінен сусындап, керемет кештің куәсі болып қайтты.

     ​​​​​​​