«Наурыз – думан» 22-наурыз Ұлыстың ұлы күніне арналған дәстүрлі өнер жәрмеңкесі

     2018 жылы наурыз айының 22 жұлдызында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі және С. Мұқанов және Ғ. Мүсірепов әдеби-мемориалды музей кешенінің ұйымдастыруымен 22-наурыз Ұлыстың ұлы күніне арналған «НАУРЫЗ ДУМАН» дәстүрлі өнер жәрмеңкесі өтті.

     «НАУРЫЗ ДУМАН» дәстүрлі өнер жәрмеңкесі қыз бен жігіт айтысы, наурыз жайында ақындардың жыр шашуы мен дәстүрлі музыкалық концертке ұласты.

     «НАУРЫЗ ДУМАН» дәстүрлі өнер жәрмеңкесі қазақ халқының салт-дәстүрінің ішіндегі ең бір әсер беретіні – қыз бен жігіттің айтысымен ашылды. Айтыскер ақын, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы колледжінің 1 курс студенті. Қалалық колледжаралық айтыстың бас жүлдегері – Дастан Орынбай мен айтыскер ақын, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті – Жібек Шахмарданқызының арасында асыл мұрамыздың үлгісі насихатталды.

     Келесі болып Наурыз жайында ақындардың жыр шашуына ұласты. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мұқанов пен Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Әділғазы Қайырбеков «Нурыздың нұры», Республикалық «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят қамшыгер «Наурыз көктем», «Жыл құсы» – «Молда Бағыш атындағы сыйлығының лауреаты Дәулетбек Байтұрсынұлымен қатар Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы колледжінің студенттері жырдан шашу шашты.

     Келесі кезекте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Халық әні кафедрасының 4-курс студентерінің қатысуымен дәстүрлі музыкалық концерт өз жалғасын тапты. Дәстүрлі музыкалық концертте халық әндері «Дүлділім», «Жекен жар», «Хәләулім-ай», «Күлшім қыз», «Балқурай», «Қыздар-ай» және Жамбылдың термесі, Хамиттің әні «Көк жөтел», Біржан салдың әні «Он саусақ», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сүйген жар», «Сәлем» әндері орындалды.

     Асыл мұрамыз насихатталатын бұл «НАУРЫЗ ДУМАН» дәстүрлі өнер жәрмеңкесі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше кеш сыйлады.