Жүз жылдық жапон аспабы Ықылас музейіне тапсырылды

Жаһандану заманында өз мәдениеті мен ұлттық болмысын сақтап, сол жаһанданудың өзіне ықпал етіп отырған әлемдегі бірден бір ел – Жапония. Ғылымның озық жетістіктеріне қол жеткізген жапондықтар тарихтың қандай ауыртпалығы болса да, өз ұлттық құндылығынан айнымаған ел болып табылады. Жапон мәдениетіндегі осындай үрдістер ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиет пен өнерге және ғылымға әсер етпей қоймады. Бұл өткен ғасырдағы ғылыми технологиялық жаңалықтардың ортасына айналған самурайлар елінің келешек ғасырларға ұлттық мәдениетін жеткізудің бірден-бір жолы – этникалық бірегейлікті сақтай отырып, ғылымды тәжірибе жүзінде іске асырудың маңызын көрсетті. Жапондықтардың дәстүрлі музыкасы мен өнері де әлем халықтарына жете таныс.

Өткен аптада музейіміздің экскурсия жетекшісі Абдуллинова Гүлзираның Киото қаласынан келген жапондық әріптесі Атсуши Фижихаро өздерінің ұлттық ұрмалы «Шайм дайко» аспабын тапсырды. Атсуши Фужихаро бұл аспапты ағасы Казуко Когучиден алған екен. Ал Казукоға әжесі Римайо Кувадо тапсырған. Осылайша жүз жылдық тарихы бар жапон аспабы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары мұражайының қорына түсті. Шайм дайко – жапондықтардың кең тараған аспаптарының бірі. Әдетте, дайко аспабын жапондықтар әскери жорықтарда жауды қорқытып, мысын басу үшін пайдаланған екен. Бұған VI–VII ғғ. жататын Жапониядан табылған дайко аспабында ойнап тұрған балшықтан жасалған мүсіндер дәлел бола алады.  

                                                

                                                                                 Ұрмалы «Шайм дайко» аспабы

Соңғы кездері музейімізге шетелдік қонақтар мен елшіліктерден сыйға берілген түрлі музыкалық аспаптар қор жұмысының жетіле түскендігін көрсетеді. Сонымен қатар, мұражайымыздың орналасу ерекшелігіне байланысты және жекелеген туристік компаниялармен орнатылған меморандумдардың нәтижесінде келуші қонақтардың ішінде шетелдіктердің саны басым. Осы ретте шетел аспаптарының экспозицияда көбейе түсуі – келешекте музейге келуші қонақтардың қызығушылығын одан бетер арттыратыны сөзсіз.

 

Жайлыбаев Дәулет

Қожахан Жансая

Қор бөлімінің қызметкерлері