Араб ханзадасы аспаптар музейінде қонақта

Шілде айының 27 жұлдызында еліміздің рухани мұрасының інжу-маржанын тарих қойнауынан қазіргі күнге жеткізіп отырған Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне Сауд Арабиясының ханзадасы Турки ибн Фейсал әл Сауд арнайы келген болатын. Сауд Арабиясы мен шетелдерде жауапты қызметтер атқарған Түрки ханзада – 1964–1975 жж. билік құрған саудиттердің үшінші патшасы Фейсал ибн Азиз әл Саудтың кенже ұлы.

Әке тағына отырмаса да, әкесінен қалған жәдігерлерге ие болған Түрки ханзада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде патшалық өмірден көрініс беретін көрме ұйымдастыра келіп, еліміздегі бірегей музей саналатын аспаптар музейіне арнайы ат басын тіреуі – шет елдердің, соның ішінде араб елдерінің де қазақ мәдениетіне қызығушылық тудырып отырғандығын, сонымен қатар, екі ел арасындағы мәдени байланыстардың нығая түскендігін дәлелдейді.

Музейді тамашалау барысында араб ханзадасы халық аспаптар музейінің әр залын ерекше қызығушылықпен тамашалады. Әсіресе, қазақтың музыка өнерінде аса ерекшелікке ие домбыра және қобыз сияқты аспаптардың жасалуы мен тарихи шығу тегіне аса мән беріп, сұрақтарын да қойып жатты.

Музейіміз соңғы кездері салалас мекемелермен ғана емес, сонымен қатар, елшіліктермен, халықаралық ұйымдармен де ұдайы байланыс орнатып жүр. Жақында ғана Таиланд корольдігінің Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Вирасакди Футракула және ҚР-дағы Болгария елінің елшілігінен Миладинов Миладин мырзалар музейдің құрметті қонақтары болды. Мұндай байланыстар өз кезегінде музей қорын толықтыруға да септігін тигізері сөзсіз. Аталмыш байланыстар орнатуда музей жетекшісі Ұлжан Мәлікайдарқызының зор еңбегін айта кеткен жөн.

 

Дайындаған: Қожахан Жансая,

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі

Есеп бөлімінің маманы