Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу

Елбасының бағдарламалық мақаласы – бұл, ең әуелі ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Оның мақсаты күшті әрі жауапты адамдардың Біртұтас ұлтын құру болып табылады. Мақала кіріспеден, «ХХ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі негізгі тараудан және қорытындыдан тұрады.

Елбасымыздың жаңғыруы өскелең ұрпақтың болашақта дамуына аса зор мүмкіндік береді. Сондықтан заман талаптарына сай өмір сүріп жүрген жастардың түйсігіне сіңдіру мақсатында Елбасының аталған мақаласының іс жүзінде жүзеге асырылуына қолдау көрсетіп, күш-жігер салуға ықпал ету үшін насихаттау міндетті. Жаңғырудың маңыздылығы мемлекет пен ұлттың саналы түрде жаһандық үрдістерге бейімделуіне септігін тигізетіндігіне сенім білдіреміз.

Мақалада қозғалған ұлттық код, ұлттық сана бағдарламасын іске асыру мақсатында 19 мамыр күні Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимовтың домбырасын музейге тапсыру салтанаты және ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Е. Шүкіман мен Т. Сембаевтың құрастыруымен шыққан Тұрсынғазы Рахимовтың "Сағынбасқа не шара" кітабының тұсаукесері өтті.

Тұрсынғазы Рахимов «Өнер – тәңір сыйы» десек, бойға біткен қасиетті танып, оны дамыту, жан дүниені тебіренткен ерекше сезімнен туған ән ырғағын тыңдаушыға жеткізіп, көкірек көзін ояту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол «Сәби болғым келеді» әнімен танымал, отыз жылдай қазақ даласын шарлап, өз өнермен қалың қауымды сүйсінтіп жүрген, Семейлік әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Тұрсынғазы – жаңа заман композиторы. Солай бола тұрса да, заман заман ырғағының ығына жығылмай, тәңірден берілген түйсік арқылы, сүйекке сіңген ұлттық бояу мен үннен ажырамады. Ол ұлттық, халықтық негізде ән шығарған екенін, қазіргіше айтқанда «дәстүрлі» композитор екенін өзінің әндері арқылы әлдеқашан дәлелденген. Оның әндерінің әуендік құрылымы мен ырғағы күрделі, тақырыптық жағынан да әр алуан.

Тұрсынғазы Рахимов - қазақ аспанын әнмен биіктеткен тау тұлға. Әр қазақ баласының жүрегінде ойнап тұратын бір ән болса, ол - Тұрсынғазы Рахимов әндері. Оның әндері өмірдің әр кезеңінің терең философиясы, қат-қабат болмысын нәзік иірімдермен ашқан әр жүректегі ән сандық. Өлмейтін өнер тудыру әркімнің маңдайына жазылып, бағына бұйырмаған десек, Тұрсынғазы Рахимов сол өлмейтін өнер иесі. Өмір есігін әнмен ашып, аз күн жалғанда бар қазақты ән бесігінде тербеп, сол әнмен, аяулы жүрегі ән салған бойда мәңгілікке кетті. Аспан мен жердің арасында әуелеген ән қалды. Жетім қалған жоқ. Барша қазақтың күмбірлеген кеудесінің төрінде тұр. Әнге айналған Тұрсынғазы Рахимов мәңгілік жасай бермек.

Дайындаған: Қайратұлы Рустем

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің

ғылыми қызметкері.