Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі – мәдени жаңғырудың алтын бесігі

Ықылас ат. халық музыкалық

аспаптар музейі,

ғылым бөлімінің меңгерушісі,

т.ғ.к., Ибрашева Ш.О.

 

Мәдениет әрқашан тарихпен тығыз байланысты. Бұл әсіресе, қоғамдық өмірдің сан алуан сыры күмбірлеген күй мен шырқалған әндерден көрініс тауып отырған. Ақын-жыраулар көбіне тарихи оқиғалар жайында толғаса, ол жырлар өз заманының шежіресі болып қалғандығы белгілі. Ал аңыз, өлең, музыка ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалып отырады [1, 5 б.]. Міне, сол халықтың музыкалық аспаптарын бір жерге тоғыстырып отырған Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі бүкіл Орта Азия аумағындағы алғашқы болып құрылған бірегей музейлердің бірі. Сонымен қатар, дүниежүзі бойынша халық музыка аспаптарына арналған бесінші музей ретінде әлемдік музейлер тарихында өз орнын айшықтады.

Музей –  мәдениет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың ұйымдастыруымен XX ғасырдың 80 жылдары құрылды. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №358-р санымен 1980 жылдың 1 тамызында Республикалық халық музыкалық аспаптар музейін ашу туралы Үкімет жарлығы шықты. Аталған жылдың тамыз айынан бастап музей тарихында тұңғыш директор болып ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнер зерттеуші, күйші Жарқын Шəкəрім тағайындалды [2, 6 б.].

Музей ғимараты өзінің ерекше пішінімен көз тартады. 1908 жылы атақты Верныйлық сәулетші Андрей Палович Зенковтың жобасымен тұрғызылған ғимарат «Ропетовский» стиліндегі ағаш сәулет өнерінің ерекше үлгісі. Музей ғимараты Офицерлер жиналысының бұрынғы ғимаратында орналасқан. Қазіргі таңда Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінде [3, 45 б.]. Бұл мәдени орын алматылықтар мен қала қонақтарының әсем демалыс орындарының бірі болып табылатын, «28-гвардияшы-панфиловшылар» атындағы паркте орналасқан. Сондай-ақ Алматы қаласындағы ең танымал әрі ең көп баратын мәдени орындардың бірі.

Алғашқы жылдары халық музыка аспаптары музейін ұйымдастыру барысында Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен ұлт аспаптарын ғана емес, көршілес республикалар (ТМД) мен әлем халықтарының аспаптарын жинақтау көзделіп, оларға арнап экспозиция залдарын жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностар мен өзге ұлыс өкілдерінің музыкалық аспаптарын жинақтау барысында Алматы қаласындағы ұйғыр және корей  театрларында қолданылған музыкалық аспаптар,     М.О. Әуезов атындағы академиялық драма театрында, 1930-1950 жылдары Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында ойналған музыкалық аспаптар, Алматының ЖОО-да оқитын шетелдік студенттердің өз елдерінен алып келген музыкалық аспаптары музей қорына алынды. Соның нәтижесінде тамбир, халун (ханон), сатар, хош, саз, чонгутар қатарлы ұлттық аспаптары музей шаңырағына топтастырылды [4, 62 б.].

Музей қорында ұлттық музыкалық аспаптар мен қатар түрік халықтары, сондай-ақ әлемнің 34 елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1000-нан астам экспонат бар. 7 экспозициялық зал жұмыс жасайды. Олар: Халық музыкасының бастауы залы, үрмелі, соқпалы-шулы аспаптар залы, шеберлер залы, мемориалдық қобыз залы, домбыра және қобыз залы, түркі халықтарының музыкалық мұрасы залы, әлем халықтарының аспаптары залы. Музейде экспонаттарды сақтау, насихаттау және музыкалық мұраны дәріптеу, сондай-ақ музей коллекцияларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми бөлім мен қор сақтау бөлімдері, көрме залы, мәжіліс залы жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, ұлт руханиятының – ұлттық өнеріміз арқылы жаңғырып отыруына атсалысу мақсатында музейдің концерт залында шығармашылық кештер, лекция-концерттер дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Музей, халқымыздың бай музыкалық фольклорын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халық музыкасының тамаша үлгілерін жадында сақтаған көптеген халық орындаушылары мен танымал тұлғалардың тұтынған аспаптарын сақтап қана қоймай оларды насихаттау, дыбыстандыру жұмыстарымен де айналысады. Музейдің концерт залында ұдайы өткізіліп тұратын түрлі шығармашылық кештер мен лекция-концерттердің құрметті қонағы болып, ұлттық өнеріміз арқылы жан-дүниеңізді байытып, рухани әсерлі кештің куәсі болуға зор мүмкіндік бар. Музейде жүргізілетін экскурсиялардың түрлері – шолу және тақырыптық экскурсиялар және музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен түрлі викториналық ойындар мен тақырыптық дәрістер өткізіледі. 

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне келушілер бірнеше залдарды аралау арқылы бірегей сирек кездесетін қазақ халқының музыкалық аспап түрлері – желбуаз, адырна, шертер, кеңінен тараған – домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген, сонымен қатар, түркі халықтарының – уд, тар, дутар, гиджак, сатар, әлем халықтарының – саранги, пандури, мандолина, эрху, бандура т.б. аспаптарымен танысып, тамашалай алады.

Ерекше айта кететін жәйт, музей коллекцияларының ішіндегі ең көне және  тарихи маңызы бар аспаптардың бірі – қобыздар, аңыздай құнды әрі оның тарихы да өте қызық. Олардың қатарында XVI ғасырда жасалған Жарас бақсының нарқобызы, XIX-XX ғасырларда қолданыста болған Зердегүл бақсының қылқобызы, бақсы Мекенбай Қойбағарұлының, Исабек бақсының қылқобыздары.

Бақсылық сарын ұлттық музыкада сақталған. Ерте кездерде бақсылар асатаяқ, кепшік, дауылпаз секілді ұрмалы аспаптарды пайдаланса да, негізгі құралы – құлағына қоңырау, шанағына айна орнатқан қасиетті қобыз болған. Өйткені, қобыз сазында жан-жүйені шымырлатып, жүректі тербейтін ерекше үн бар. Оның адам даусына ұқсас қоңыр қою дыбысы, қыл ішектен төгілген мұңды үні тыңдаушы көңіліне ұялап, халқымызға рухани азық болып келеді. Қобыз күйлерінде ғасырлар бойы шыңдалып, қалыптасқан өзіндік орындаушылық ерекшелік бар. Ойнау әдісінің қиындығына қарамастан қобыз аспабы ертеде халық арасында өте кеңінен тараған және қобызшылардың ойнау мәдениеті өте жоғары дәрежеде болған. Аты аңызға айналған Қорқыт (ΙX ғ.), Қойлыбай, Ықылас Дүкенов (1843-1916 жж.), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Жаппас Қаламбаев (1909-1969 жж.) және Дәулет Мықтыбаевтар (1905-1976 жж.) қобыз өнерінің ірі өкілдері болып саналады [5, 3 б].  

Қобыз аспабы жайында сөз қозғағанда, оны ерте замандағы қазақ бақсыларының өнерімен байланыстырамыз. Бақсылардың қарапайым адамдардан басты ерекшелігі – олар түрлі ырғақтармен сайрайтын ақын және күйші, актер, емші, әрі келешекті алдын-ала болжайтын көріпкел болған. Мысалы, қазақ бақсылары үлкен табиғи дарын-қасиетінің арқасында қобызда ойнап, зарлы немесе қаһарлы үн, әуендер шығару т.б. әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйелеріне әсер ете отырып адамдарды емдеген. Сондықтан, қобыз өнерінің ірі тұлғалары бақсылық дарыны болған адамдар.

Музей экспозициясындағы сондай тұлғалардың бірі, Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өңіріне танымал – Жарас бақсы мен оның қасиетті қобызы. XVΙ ғасырда жасалған Жарас бақсының қобызын – Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Қаратау» совхозына қарасты Қарой бөлімшесінің тұрғыны Құлтасов Бижан, 1983 жылы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне тапсырды. Жарас бақсының нарқобызы музей жәдігерлерінің арасындағы ең көне және  тарихи маңызы бар аспап болып табылады. Қобыз аңыздай құнды, әрі оның тариы да өте қызық. 1942 жылға дейін қобыз атадан балаға мұра ретінде сақталған. Аспап Жарас бақсының алты ұрпағына дейін сақталып,  бірінің қолынан екіншісіне өтіп отырған. Жарас бақсы өз заманында нарқобызын жанында ұстап бақсылық құрған. Одан кейін мұраны Бейсенбет, Құлтас, Бұралқы есімді ұрпақтары аталарының көзіндей сақтап қолдан-қолға қалдырып отырған. Бұралқы 1942 жылы соғысқа кетіп, майданнан қайтып оралмайды. Атадан қалған қасиетті жәдігер келесі ұрпақтары Бердібекке, одан Бижан қолына өткен. Қобыздың өн бойы әбден ысталып қарайған. Жамауы көп қобыздың көне көз дүние екендігі тайға таңба басқандай байқалады. Аспап – тұтас өрік ағашынан ойылып дайындалған. Шанағы нар түйенің терісінен тартылып, ішегі аттың қылынан жасалған. Нарқобыздың ұзындығы – 1 метр, шанағы – 29 см, шанақ ені – 37 см, шанақ аумағы – 1 метр, сылдырмағы үшеу [6, 145 б].

Ел аузынан келіп жеткен аңызға сүйенсек, 2002 жылы 91 жастағы соғыс ардагері Абдырайов Затыбектің айтуы бойынша, бірде Жарас бақсы кездейсоқ бәйге жүргізіліп жатқан ұлан-асыр тойдың үстіне тап болады. Бақсы сол бәйгеге қатысқысы келіп рұқсат сұрайды. Алайда, сол жерде тұрған бір бай оған мысқылдап «бәйгеге неңді қосасың, қай түріңмен қатыспақшысың» деген сөздермен кедейлігін бетіне басып келемеж етеді. Содан соң жиналғандар Жарасты таранғы талға ағаш түбіне 12 құлаш арқанмен байлап, қолын бос қояды. Қанекей қолыңдағы қобызыңмен бүгінгі бәйгеде кім жеңіске жететінін болжап көрші деп, күлкіге қарық болады.

Жарас бақсы ұзақ уақыт қобызын ойнап отырады да, болғаннан кейін жеңімпаздың есімін атайды. Егер болжамың дұрыс болып шықса сені босатамыз, қателестін болсаң аттың құйрығына арқанмен байлап, қамшының астына алып сыбағаңды береміз дейді. Бәйге басталып, қалың көпшілік толғаныспен бақылап отырғанда, Жарас ештеңеге алаңдамай өзінің сабырлығын танытады. Ақыры көп қатысушының арасынан, бақсының көрсеткен шабандозы бәрінен оза шауып, жеңіске жеткен екен. Мұнысын сәуегейлікке балап, жанұшыра алаңдаған байлар Жарасты босатыңдар деп бұйрық береді. Ал жиналған қарапайым халық оған өздерінің ризашылығы мен жақсы тілектерін білдіріпті.  

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында – «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген болатын [7]. Мұның барысында ұлттық музыка мәдениетінің тарихи негіздерін, стильдік ерекшеліктерін зерттеу, насихаттау, ұмыт болған аспаптарда қайта ойнау рухани халық дәстүрін қайта жаңғырту аса қажетті болып қала бермек.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Б. Сарыбаев. Қазақтың музыкалық аспаптары.  – Алматы: «Өнер», 1980. – 280 б.
  2. З. Жәкішева. Өзбекәлі Жәнібек тағылымы. – Алматы, 2011. – 162 б.
  3. Е.К. Әуезов, Н.П. Чулакова. Алматы. Сәулеттік шежірелер. Алматы. Архитектурные хроники. – Алматы: КМҚК «Алматы қаласы тарихының музейі», 2010. – 190 б.
  4. З. Жәкішева. Өзбекәлі Жәнібек тағылымы. – Алматы, 2011. – 162 б.
  5. Б.Ә. Қосбасаров. Қобыз өнері. Алматы, 2016. – 224 б.
  6. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Қорды есепке алу және сақтау бөлімі, НҚ-278.
  7. 2017 жыл сәуір ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы.