Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде тұсаукесер аясында алғаш рет «Шеберлер кеңесі» құрылды

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған ұлттық код, ұлттық сана бағдарламасын іске асыру мақсатында танымал шебер, «Шертер» фирмасының негізін қалаған Сапарбек Ділмановтың музыкалық аспаптары коллекциясының музейге сыйға берілу тұсаукесері өтті. Тұсаукесер аясында, музей қабырғасында алғаш рет «Шеберлер кеңесі» құрылды.

Жиынға жиналған 30-ға жуық шеберлер мен өнер адамдарының, өзгеде қатысушы көпшіліктің алдында сөз бастаған, музей жетекшісі Ұлжан Байбосынова бұл жиынның үлкен маңызы мен себептеріне тоқтала келе: «Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі 1980 жылы құрылды. Музейдің құрылуына, аяқтануына үлкен себепкер болған, бүгінгі жиынға қатысып отырған, біздің шеберлеріміз. Биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шықты. Мақалада қозғалған ұлттық код, ұлттық санамыздың жаңғыруы мақсатында, көптеген мәселелер көтерілді. Соған орай музейге байланысты жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында шеберлердің «Шеберлер кеңесін» құру арқылы қоғамға кең түрде насихатталатын игі істерді бастамақпыз» – деді. 

Бұндай бастаманы бірінші болып қолдап, музейге Сапарбек Ділмановтай белгілі шебердің, құнды музыкалық аспаптар коллекциясын өткізген, шебер Бақытжан Ділманов болды.

Шеберлер кеңесінің құрылуына бірден-бір себепкер болған Бақытжан Ділманов өз кезегінде: «Қазақтың ұлттық өнері мен ұлыларын ұлықтайтын азаматтар қош келдіңіздер» – дей келе, шеберлерге ғана емес қазақ халқына қажетті ұлттық музыкалық аспаптардың жасалу жолын, жүйесін, жалпы ұсталыққа үйретіп кеткен – Ділманов Сапарбек Әліұлы екендігін айтты. Қандай қиыншылық кезеңдер басынан өтседе, ұсталығын тастамаған шебер Сапарбек Ділманов қазаққа жаңалық әкелген, бір өзі бүкіл халық оркестріне музыкалық аспаптарын дайындаған, тау тұлға.

Муейге сыйға берілген, аспаптардың құрамында домбыра тенор, альт шертер, прима қобыз, дабыл, сыбызғы, дауылпаз, шартылдақ сынды өзгеде қазақтың 17 түрлі ұлттық аспаптары таныстырылды.  

Жиынның тағы бір маңызды тұсы шеберлер кеңесінің құрылуы. Музей жанынан құрылған шеберлер кеңесінің мақсаты айқындалды. Олар: 1. Музыкалық аспаптар жасауды қайта жаңғырту; 2. Аспап технологиясымен тәжірибе алмасу; 3. Музыкалық аспап жасайтын шеберлердің қолтаңбасын музейде қалдыру; 4. Музыкалық аспап жасаушы шеберлердің өнерін көпшілікке насихаттау; 5. Шеберлердің жеке туындыларын музейге алу, музей жәдігерлерінің санын арттыру; 6. Музей аспаптарын жаңа қырынан көрсету, келешекке сақталуына ықпал жасау, болашағына жол салу.

Ортаға, белсенді қоғам қайраткері, қолөнер шебері Айтберген Құлменов шығып кезінде музей шеберханасында жұмыс істеген Сапарбек Ділманов, Махмұт, Тұрсынжан Құлменовтер сынды шеберлердің артында қалдырған іздері мен олардың өнерінің ұрпақтарында жалғастық тапқандығын рухани сабақтастыққа балады: «Рухани жаңғыру деп осы шеберлердің жаңғыртқан өнер туындыларын атауға болады» – деп сөзін қорытындылады.

Жиынға жалпы 30-ға жуық шеберлер қатысты. Олардың қатарында белгілі сыбызғышы, сыбызғы аспабын жасаушы шебер Нұрахмет Жорабеков ақсақал сөз алды. Ол, қазақтың өнері мен мәдениетіне үлес қосқан, өткен ғасырдағы Қамар Қасымұлы, Романенко сынды шеберлердің аттарын атап, оның алдындағы Ахмет Жұбановтай тұлғалардың еңбектерін, шараға қатысушы көпшілікке үлгі етті. Сонымен қатар қазіргі күндегі шеберлердің де насихатталуы, еңбектерінің бағалануы керектігін алға тартты. Шарада келесі болып сөз алған «Сазген» ансамблінің көркемдік жетекшісі Ықылас Нұралиев өз заманында Өзбекәлі Жәнібеков, Болат Сарыбаевтардың қазақтың ұлттық руханиятына, музыка мәдениетіне сіңірген еңбектерін атап өтті. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің құрылып, дамуының өзі, өткен ғасырда үрдіс алған қазақ шеберлерінің қолынан шыққан туындалар арқылы, музей экспозициясы қалыптасып, сол арқылы шеберлердің де есімдері тарихта қалғандығын жеткізді.

Шараға қатысқан өзгеде шеберлер қатарындағы Сейдахмет Келгенбаев, Нұрлан Абдрахманов, Серік Нұртазин, Нұрбек шебер, Оханов Нарбек, Мақсұт Ибадуллаев, Сатыпалды Кенжеғараев, Асима Иманғалиева, Махмут Құлменов, Орынбасар Мауленов, Кеміржан Еліпов, Нұрлан Дуанов, Қанат Берікбол, Роза Жасбалаева сынды шеберлер өз ой-пікрлерін ортаға салды.

Музей жанынан құрылған Шеберлер кеңесі қазақтың аспаптық өнерінің дамып-жаңғыруына, шеберлер мен музыка мамандары арасындағы байланыстың жандануына, өзара тәжірибе алмасуда үлкен мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда насихатталуы кемшін түсіп жатқан, он қолынан өнер тамған шеберлердің жұмыстарын көрсету, еңбектерін атау, олардың қолынан шығып жатқан ұлт мәдениетін көрсететін ұлт аспаптарын қайта жаңғырту, музейге келтіру, толықтыру мақсатында жұмыс атқаратын орталық ретіндегі жүйе болмақ.

 

Дайындаған: Бақытжан Қалнияз, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің аға ғылыми қызметкері.