Қоңырау аспабы

     Қоңырау – ежелден келе жатқан сілкіп ойнайтын аспаптардың қатарынан. Оны тек жеке дара ғана емес, өзге аспаптарға қосымша үн үстеу үшін де қолданады. Қоңырауды бақсылар мен емшілер асатаяқ пен қылқобыз секілді дауалы аспаптарының басына іліп жын-шайтандарды аластаған. Қоңыраумен халық әндері мен күйлерін де жеке дара сүйемелдеген. Қоңырау аспабы кезінде салт-жоралғы, діни әдет-ғұрыптар кезінде, мереке, мейрам шақтарында жиі қолданылған. Аспап қазақтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде де кең қолданыс тапқан. Қоңырау аспабын тот баспайтын жез, қола, мелхиор секілді металлдардан жасаған. Ерекше пішінге түскен аспаптың ішіне тілше қадаған. Осы тілшесі арқылы қоңырау өз қасиетін көрсете алған. Ал қоңырау үнінің жуан, жіңішкелігі оның металының қалың, жұқалығына байланысты болған. Аспапты пайдаланар орнына байланысты сыртын әсемдеген. Қадірменді орында пайдаланылатын қоңыраудың сыртын күмістеп немесе алтын жалата жасаған. Қоңыраудың соғып ойнар арнайы таяқшасы болған. Таяқшасы да жұқа металдан жасалған. Қоңыраудың ішінде тек жалғыз ғана тілшесі болмайды. Ол қоңыраудың үніне қарай бірнешеге дейін жетуі мүмкін.