Дауылпаз аспабы

     Дауылпаз – қазақтың ұрып ойналатын көне саз аспабы. Ертеректе бұл аспап соғыс құралы ретінде айбар беріп, қыр көрсету үшін қолданған. Бертін келе дауылпазды аңшылық пен құсбегілікке де пайдаланатын болған.

     Дауылпаз – өзінің аты айтып тұрғандай үні дауылды, күркіремелі. Оны дара аспап деуімнің себебі: дауылпаздың үніндей аспаптар кемшін. Дауылпазды алғаш көшпелі қауымның өкілдері, яғни малшы-бақташылар төрт түлікті, аң-құстарды, жан-жануарларды үркіту мақсатында пайдаланған. Өздерінің үні жетпеген жерді дауылпаз жалғап отырған. Кейін дауылпаз халық арасына тарап, ханның қол астына дейін жетеді. Дауылпазды соғу арқылы хан әскерін бір ортаға жинап немесе шақырған. Үкім немесе бір шешім шығарса да дауылпаздың үнімен қорытындылаған. Бертін келе, дауылпазды ем-домның көзі ретінде қолданған. Бақсы-балгерлер дауылпазды ұрып өздерінің көзге көрінбес жындарын шақырған. Сол арқылы дертіне шипа іздеп келген адамдарды ауруынан айықтырған. Дауылпаз – тек музыкалық аспап қана болмаған, оның атқарған маңызды қызметтері өте көп екенін осыдан-ақ біле аламыз. Ол бірден музыкалық мұраның бір бөлшегі ретінде дүниеге келе салмаған. Қайта музыканың қажетіне соңында барып жараған секілді. Кейін ел ішіндегі өнерлілердің қолынан түспей хан сарайында болсын, халық арасында болсын дауылпаздың үнімен өнерлерін паш еткен.