Мәдениет Ешекеевке арналды
Дәстүрлі әнші Мәдениет Ешекеевтің туғанына биыл 80 жыл толуына орай Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің концерт залында, әншіні еске алуға арналған концерт өтті. Осы шараның аясында әншінің домбырасы салтанатты түрде музейге тапсырылды.
Әйгілі Мәдениет Ешекеев XX ғасырдың 50 жылдарындағы қазақ даласында дәуірлер мен ғасырлардан, бүтін бір халықтың, ұлттың шежіресінен хабар беретін халық әндерін ерекше нақыш-бояумен, аса шеберлікпен жеткізуші, кейінгі ұрпаққа табыстаушы дәнекер тұлға ретінде белгілі. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген артисі – Ғалым Мұхамедин «Балқадиша», «Сақ-сақ» әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар шығармашылық кеште Толғанбай Сембаев, Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманов, Жанғали Жүзбаев, Тілеулес Құрманғалиев, Мұрат Әбуғазы, Айгүл Қосанова және т.б танымал әншілер өнер көрсетті.
Музейге тапсырылған домбыраны Мәдениет Ешекеев көзі тірісінде бүгінде аспап жасаушы Саят Нұрғазин есімді шеберге батасын беріп, табыстаған екен. Концертке қатысқан Саят Нұрғазин өз кезегінде, осы домбырамен Сегіз серінің әні «Гауһартасты» орындап, музей жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынованың қолына тапсырып, музей қорына өткізді.
Шығармашылық кешке келген қадірлі көрермендердің бірі, Қазақстанның халық артисі, кино және театр актері, кинорежиссер Досхан Жолжақсынов сахнаға көтеріліп «Бүгін музейде кәделі іс-шара болып жатыр. Анамыздың әлдиінен басталған жүрек сырымыз, тарихымыздың ізі, бүкіл жан дүниеміз қазақтың классикалық өнеріне ат салысып жүрген азаматтарға үлкен алғыс айтамыз. Бәрімізге қайырлы да құтты болғай» деп лебізін білдірді.
Шара Ибрашева
МАҚАЛАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫН https://aikyn.kz/2017/04/14/10117.html