Жыраулық-жыршылық өнердің қазіргі сахналық келбеті: сақталуы, дамуы және жалғасуы.

Ұлжан БАЙБОСЫНОВА Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.к

                                                                                          ЖЫРШЫЛЫҚ ӨНЕРДІҢ САХНАЛЫҚ КЕЛБЕТІ

                                                                                                        (сақталуы, дамуы, жалғасуы)

     Тасқа қашалып жазылған жазбалар мен ауызекі жеткен жырлар ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан бұл абыз өнер түрінің дамып, жалғасын тауып отырғандығын куәләндіріп келді. Қазақ әдебиеті зерттеулерінде бұл сонау Тоныкөк пен Күлтегінге арналған жыр жолдарынан бастау алады делінеді. Әуелде жауынгерлік рухта туындаған жырлар түркі қағанаты, оғыз дәуірі, қазақ хандығы кезеңінде де жалғасын таба түсті. Жырауларға берілген тарихи сахна олардың қоғамдағы тұлғасын айқындап беріп отырды. Жыраулар қай қоғамда болсын өз кезеңінің рухани қозғаушы күші, тәртіп-тәрбиенің үлгісі, психологиялы-моральдік ұстаным белгісі ретінде зор беделге ие болған адами фактор.

     Ұлттық сананы жасаушы тарихи сана дейтін болсақ, жыраулар тарихи  сананы еске салушы және қазіргі таңда жаңа қоғамдағы әртүрлі кірме санаға қарсы тұра алатын бірден бір рухани қозғаушы күш. Қазіргі таңда жыраулар кетіп орнын жыршылар басқан болса, орындаушылық дәстүрге ие болған және сол бағзы өнерді өн бойына сақтап қалушылардың да қоғамға тигізер септігі бар. Олай дейтін себебіміз ақыл-нақылдан тұратын өлең-жырлардың мазмұны бір сәтке болсын кез-келген тыңдаушының ойын жақсылыққа жетелейді. Яғни ол ұлттық санаға сай тәртіп орнатушы, моральдік ұстанымға келтіруші, психологиялық тепе-теңдік жасаушы үлкен күш иесі (Жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрыс т. б.).

     Өз кезеңінде жыраулар өздеріне тағайындалған міндетті қаймықпай орындай алды және «Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ» деген дала заңына бағынды. Қазіргі таңда да орындаушы-жыршылар ақыл-нақылға толы өсиет сөздер орындап сахна төрінен көрініп қалып жатады. Яғни бүгінгі орындаушы-жыршыларды ақыл-нақыл сөз айттың екен деп сахнадан ешкім шығарып тастап жатқан жоқ әрі жыршы оны орындаудан жасқанар емес. Әрине әр кезеңнің тарихи сахнасы болады десек, бүгінгі тарихи сахна тек орындаушылық үрдіспен ғана шектеліп қалған жайы бар. Барға қанағат етуші қазақ бұл жағдайға да шүкірлік етеді. Олай болса, жыршылық өнердің қазіргі сахналық келбеті қай күйде және оның сақталуы мен әрі қарай дамуы қандай болмақ, кейінгі жалғастығы үшін не істей аламыз деген сұрақтың жауабы аясында ой қозғап көрелік.

                                                                                                     Жыршы мен тыңдаушы

     Жыршы мен тыңдаушы қашан да тығыз байланыста болған. Тыңдаушы санасында эпостық кейіпкерлер немесе желілі уақиға біте қайнасып жататындықтан жырдағы уақиғамен бірге күліп, бірге жылайтын немесе тыңдаушының өзі ойша жырдың кейіпкеріне айналатын. Ел ішіндегі қариялар сақалын көз жасымен жуып отырып жырды беріле тыңдайтыны сондықтан.

     Ғылымдағы мифтік сана деген үғыммен келіспеуге болмайды. Тыңдаушы бала күнінен сол жыр жасалған ортада өседі. Ой-санасы әуелі ертегілік қиял арқылы қалыптаса келе, эпостық жырларды тыңдау және тез қабылдау, жадында сақтау машығына ие болады. Тыңдаушы саналы түрде жырдың нағыз тыңдаушысына айналады. Екіншіден генетикалық сана яғни ата-бабасының қаны арқылы берілетін туа бітті ой-таным мен сана бітімі. Ғасырлар бойы жыр қалыптасып, сақталып жеткен орта немесе нақтылай айтқанда өңірлер болады десек, сол жерді мекен еткен халықтар арасынан үздіксіз жыр орындаушылар мен тыңдаушылар туады. Яғни орындаушы мен тыңдаушы арасында да гендік тұрғыда саналы түрде терең байланыстың бар болғандығы. Бұл өнердің сақталуы мен оның үзілмей жалғасуына әрине зор септігін тигізгендігін аңғару қиын емес. Бұл орындаушы мен тыңдаушының тығыз байланысы нәтижесінде өнердің өшпей сақталуына септігін тигізген бірден-бір фактор.

     Жыраулық-жыршылық өнер сақталу үшін әуелі тыңдаушысының басым болуы керек екендігі мамандар тарапынан айтылып келе жатқан мәселе. Сұранысы жоқ өнердің және тыңдаушысыз қалған өнерпаздың өмірі ұзақ емес екендігін түсіну қиынға соқпайды. Қай кезеңде болсын бүгінгі тілмен айтқанда меценаттық еткен яғни өнерпаздың абырой-беделін өсіріп, оған моральдік-материалдық жағдайына қолдау көрсетіп, шашбауын көтерушілер болғандығын білеміз. Бұл да өнердің сақталуы мен жалғасуына және оның қоғамдағы статусын көтеруге үлкен ықпалын тигізді деп айта аламыз. Ел ішіндегі абырой-беделі зор яғни ықпалды адамдардың қолдауына ие болған өнерпаздар жәй қарапайым халық арасында екі есе сый-құрмет пен сұранысқа ие болады. Бұл жерде де орындаушы мен тыңдарман арасындағы байланысты тағы да бір ескере кеткен жөн. Өнердің өнерпаз бен тыңдаушы арқылы оза шабуының бірден бір себебі осында деп білеміз.

     Қазіргі таңда өнерпаз бен тыңдаушы арасындағы байланыс қандай деген тағы да заңды сұрақ туады. Бүгінгі тарихи сахна немесе өнерпаздың сол сахнадағы келбеті қандай күйде?

                                                                                                        Дәстүрлі музыкалық өнер

     Еліміз егемендік алып, етек-жеңін жинап, тәуелсіз мемлекет атанды. Иә, бұл қазақ өнерінің еркін құлаш сермеуіне үлкен әсерін тигізді. Бүгінде ұлттық мәдени мұра немесе дәстүрлі музыкалық өнер деп ауыз толтыра насихат жұмысын бастап та кеткен жайымыз бар. Әсіресе әр өңірдің ерекшелігін атап айту немесе ән, күй жыр өнерін сұрыптап саралай келе мектептерге телу пайда болды. Олар Арқа, Жетісу, Сыр, Оңтүстік-Қаратау, Батыс Қазақстан, Алтай-Тарбағатай, Маңғыстау. Бұл өңірлердегі кеңінен тараған әншілік, күйшілік және жыршылық өнердің саф алтындай сақталуы және бұл күнде жалғастығын тапқандығы қазақ өнері үшін үлкен олжа.

     Рухани мұраны сақтаушы мұрагерлердің өнерін насихаттау жұмысының әлі ақсап келе жатқандығы жасырын емес. Әр жерде дәстүрлі өнеріміздің концерті немесе фестивалі анда-санда қарасын көрсетіп қойғанда сол өнердің байырғы иелері тіріліп келгендей қуанып қалатынымыз рас. Бір заңды сұрақ туындайды, не себепті тәуелсіз мемлекетте өз өнерімізді дәріптеуге тәуелдіміз деген. Сонда біз кімге тәуелдіміз? Ширек ғасырдан аса уақыт өткен тәуелсіз мемлекетте дәстүрлі музыкалық өнерімізді дәріптеуде кім кедергі?

     Әлем халықтарында сақталған дәстүрлі музыкалық өнердің әлем сахналарынан көрініс табуы көне өнердің әлі де рухани күшке ие екендігінің белгісі. Ғасырлар бойы мәдениеті дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерде классикалық немесе заманауи музыканың қатарында дәстүрлі музыкалық өнер өкіл өнерпаздарын шақырып өнерін тамашалап жатқанына куә болғандығымыз рас. Дәстүрлі музыкалық өнер саналы тыңдарманға арналған рухани құндылық ретінде бағалануы бұл да заңдылық. Еуропаның танымал сахналарында үндінің рагашылары, парсының макомшылары немесе жапон, қытай, корей дәстүрлі театрларының өнерпаздары әлем театрларында үлкен сұранысқа ие екендігін айта кету керек. Өйткені дәл осы әлем халықтары өнерпаздарының қатарында қазақ өнерпаздары да көрініп келе жатқан жайы бар. Әсіресе, қазақ өнеріндегі көне ғасырлық тарихы бар әншілік-күйшілік және жыраулық-жыршылық өнердің өкілдері әлемдік сахнадан орын алып, үлкен абырой-беделге ие болғандығын мақтанышпен ауыз толтырып айта аламыз. Париждің сахнасында ең алғаш болып Әміре Қашаубаев қазақ ән өнерін көрсеткен болса, одан кейін Еуропаның белді сахналарында қаншама өнерпаздар ән, күй және жыр өнерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік алды. Сондай өнерпаздар қатарында Сержан Шакратов, Сматай Үмбетбаев, Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Таласбек Әсемқұлов, Абдулхамит Райымбергенов, Айгүл Үлкенбаева, Сәуле Жанпейісова, Демеу Жолымбетов,  Раушан Оразбаева, Айгүл  Қосанова, Саян Ақмолда, Нұржан Жанпейісов, Ардақ Исатаева т. б. көптеген ән мен күй, жыр өнерінің өкілдерін атай аламыз.

     2000 жылдан бастап өзімнің Еуропа және Америка, Шығыс елдерінде үздіксіз беріп келген концерттерден бөлек әлемдік музыкалық жобаларға қатысуым яғни атап айтқанда Америкалық режиссер Питер Селарстың көне Грек аңызының желісінде жазылған «Геркалдың балалары»  атты музыкалық драмалық спектакльде, «Bardic divas»яғни «Әйел жыраулар» және «Марко Поло ізімен» атты әлем халықтары өнерпаздарынан тұратын дәстүрлі музыкалық жобаларында жыраулық-жыршылық өнердің көрініс табуы сөзіміздің басында айтып өткен бүгінгі өнерпаздардың тарихи сахнасының бір көрінісі деп айтуымызға болатын сияқты. Айтпағымыз, қазақ дәстүрлі өнері үшін әлем дәріптеп, дәрежелеп сахнасын ұсынады және әрбір өнерді саф қалпында тыңдағанды тәуір көреді. Оған өзіміз және көзіміз куә. Тағы да заңды сұрақ туындайды. Бүгінгі өзіміздің қазақ сахнасы өзінің өнерпазын қалай тыңдағанды тәуір көреді немесе әнші, күйші, жыршының сахнадағы көрінісі қандай?

                                                                                                        Жарты ән – жарым көңіл

     Иә, төрт құбыласы түгел деуге келе бермейтін жарты ән орындату үрдісінің пайда болғанына да көп болды. Жыршылардың толғап отырып алатын терме немесе жыр-дастандарын айтпағанда, екі шумақ пен қайырымнан тұратын әндерді тыңдауға үш минутты қимайтын халге жеттік. Сөз басында айтып өттік тыңдаушысыз қалған өнердің нендей күй кешетінін. Жыр-дастандардың сахнада орындалмауы жыршылық-жыраулық өнер мен өнерпаздың сұраушысыз қалуына әкеліп тірейтіні белгілі. Бірте-бірте санадан түсіп қалуы немесе мүлде гендік жадтан шығып кетпеуіне кім кепіл. Бұл жойылып кету дегенді білдірмей ме? Сонда қаншама ғасырлар бойы нендей қиындықтар немесе адам төзгісіз тарихи теперіштер көрсе де жойылмай жеткен өнерді енді жойып аламыз деуіміз сүйекке таңба болмай ма деген ой келеді. Бұл тек менің ой-пікірім ғана емес көптеген өнерпаздар мен соның аясында еңбек жазып жүрген зертеушілер тарапынан да айтылып келе жатқан мәселе.

     Біз осы сұрақтарға не себепті жауап таба алмай келеміз? Не себепті біз өз өнерімізді мұндай күйге жеткіздік? Бұл жағдайға итермелейтін кім немесе мұндай жағдайдың туындауына не себеп? Қазаққа ортақ өнер өз деңгейінде дәріптелсе ол кімге зиян?

                                                                                                         Адами капитал

     Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында дәстүрлі музыканы айрықша атап өткенін жақсы білеміз. Дәстүрлі музыкалық өнерді сақтау және оны кеңінен насихаттау дегеніміз жоғарыда айтып өткен ұлттық санадан ажырамау деген басты қағидаттың тұрғанын түсіну қиынға соқпас. Елбасы жолдауында осы айтылған мәселені шегелей түсті яғни адами капиталды нығайту керек деген нақты тапсырма берілді. Адами капиталды нығайтуда дәстүрлі музыкалық өнеріміз өз үлесін айтарлықтай тигізері сөзсіз.

     Дәстүрлі музыкалық өнер ғасырлар бойы сақталып жеткен ұлттық дүниетаным көрінісі. Далалық философия ән мен күй, жыр-толғауларымызда көрініс тауып жатқаны жасырын емес. Бұл күнде дәл осындай ән мен күйдің және жыр өнерінің өкілдері бар деп айта аламыз. Олай болса, сол өнердің өкілдеріне сахна еркіндігі берілу керек. Олай дейтін себебіміз, қазақтың сан ғасырлар бойы жинап келген дала даналығы осы ән мен күйде, жыр-толғауларымызда. Халықтың санасын салмақтандыру қашанда халық өнерпаздарына жүктеліп келген қызмет (миссия) болатын. Өйткені, халық санасы жетілген сайын ұлт өркендей түспек.