Рухани жаңғырудың тарихи сабақтастығындағы музейдің орны

                                           

                                          РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҒЫНДАҒЫ МУЗЕЙДІҢ ОРНЫ

Қазақтың материалдық, бейзаттық және рухани мәдениеті тарихи сабақтастықтың нәтижесінде қалыптасты. Оған ұлтымыздың шаруашылығы мен тұрмыс тіршілігі тікелей әсер етті. Мысалы, көне түркі дәуірінен бастау алатын рухани мәдениетіміз әр кезде әртүрлі даму және жаңғыру кезеңдерін басынан өткізді. Соның басы Орхон-Енисейдегі Күлтегін жыры болса, кейінгісі XIX ғасырдың ортасындағы қайта жаңғыру кезеңдері болып табылады. Алайда қай тарихи кезеңді қарастырсақ та қазақтың мәдени мұрасы өз ерекшелігімен іргелес елдерді таңқалдырып келеді. Мұның өзі еліміздің рухани мұрасының далалық өлкедегі көшпелі өмір тәртібіне негізделіп бейімделген құндылық екенін дәлелдейді. Ал көшпелі тұрмыстағы мәдениеттің өміршеңді болуына қазіргі кезде тарих куә. Себебі, көшпелі халық отырықшы елдер сияқты сырттан келген мәдени ықпалды қабылдап қана отырған жоқ, керісінше көршілес елдерге өз мәдениетін жеткізе білді. Міне, осының нәтижесінде бабалар мұрасы қазақтың отырықшылануына дейін үзілместен жетті. Бұл атадан балаға тасымалданған мәдениеттің көрінісі қазақтың әлемдік келбетін қалыптастырды. Дегенмен, XX ғасырдың басынан бастап отырықшылана бастаған қазақтардың мәдениеті бір жағынан әлемге танылып өркендей түскенімен, дала заңына сәйкес ұрпаққа жалғасқан рухани мұраның жібі үзілді. Осы кезден бастап күнделікті өмірде айтылып жүрген ән-күй жырларымыз бен дастандарымыз бізден алыстады. Оны хатқа түсіріп жаза бастағаннан кейін, оның қолданыс аясы тарылып тарихтың тұңғиығына кетті. Алайда бұл жағдай еліміздегі рухани және материалдық мәдениеттің даладан қалаға, қаладан далаға өту үрдісіне тұспа-тұс келді. Осының негізінде біздің жадымыз өз мәдениетімізді тарихи жады арқылы сезіну дәрежесіне жетті. Бұның бір шеті қазіргі жаһандану үндеулері қазақ ұлтын айналып өтпейтінін анықтады. Бұл тектес үрдістер басқа да дамушы елдердің ұлттық құндылығына қол сұғуда. Міне, осындай мәдениеттердің тартысы мен ықпалдастығы тұсында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Мақала қазіргі Қазақстанның экономикалық-саяси стратегияларына орайластырылған, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға қызмет ететін негізгі бағдарлама болып табылады. Бұл, Елбасының жыл басындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауының жалғасы болып табылады. Сонымен қатар, өткен жылдары іске асырылып келген экономикалық және саяси реформалардың рухани тірегі болып отыр.

Бағдарламалық мақала үлкен екі бөлімнен тұрады, оның әрқайсысы еліміздің өркендеуіне және рухани жаңғыруына арналған идеялар жиынтығынан құралған пункттерге бөлінген.

Мақаланың негізгі мәні – ұлттық сананың қалыптасуына, қазақстандықтардың этникалық бірегейлігіне, білімді жастардың өсіп-өркендеуіне, бесекелестікке қабілетті қоғам құруға басымдықтар берілген. Бұл тұста Елбасы «Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» – деп, нақтылады. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетімізді бойымызға сіңіруге, гуманитарлық ғылымдар: тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, филология сынды ғылымдардың беделін көтеруге арналған. Соның негізінде «Туған жер» бағдарламасын дайындап, оның аясында музейлер мен галереялардың қорын байытуға болатындығын көрсеткен.

Қазірде Елбасының бағдарламалық мақаласына орай ғылыми зерттеу институттар мен мемлекеттік мекемелерде арнайы шаралар ұйымдастырылып келеді. Дәл осындай іс-шаралар Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде белсенді түрде атқарылуда. Соның бірі музей қорына мемориалды аспаптарды жинау болып табылады. Музей қорына жыл басынан бері еліміздің түк-түкпірінен әр түрлі әншілік және күйшілік мектептердің белді өкілдерінің аспаптары алынды. Бұл материалдық мәдениет мен рухани мұраның ортақ сабақтастығы аясында қорға жинақталып жатқан мемориалды аспаптар келешекте музейдің ғылыми әлеуетін арттыратыны сөзсіз.

 

Жайлыбаев Дәулет,

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі,

қор бөлімінің қызметкері