Сырлы сазды – сазсырнай

«Өнер алды – қызыл тіл»

Ықылас атындағы Қазақ халық музыкалық аспаптар мұражайында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы домбыра кафедрасының аға оқытушысы Гүлфайруз Далбағайдың «Сазсырнай және окарина тектес үрлемелі аспаптар» монографиялық кітабының және «SAZ.ART.GROUP» сазсырнайшылар ансамблінің тұсаукесеріне арналған «Сырлы сазды – сазсырнай» атты кеш өтті.
Мәдени шара белгілі аспаптанушы ғалым Болат Сарыбаевтың 90 жылдығына арналды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Бибатырова және күйші-зерттеуші Жарқын Шәкәрім тұсауын кескен жинақ қазақтың ерте заманнан келе жатқан үрлемелі музыкалық аспаптарының ішіндегі бірегейі – сазсырнайға арналған. Өзіндік қайталанбас үні мен дыбыс бояуы қанық үрлемелі аспаптар ішіндегі халық арасына кең тараған сазсырнайдың шығу тарихы, жоғалған аспапты қайта тауып қалпына келтіру жолы, музыкалық шығармалар ойнау деңгейіне жетілдіріп дамыту кезеңдері, өзге халықтарда бар осы тектес, үндес аспаптармен салыстыра отырып берілген.

Кеш барысында Гүлфайруз Далбағайдың жетекшілігімен дүниеге келген «SAZ.ART.GROUP» сазсырнайшылар ансамблі халық ән-күйлерін орындап, сазсырнай және окарина тектес үрлемелі аспаптарды жұртшылыққа таныстырды.
1980 жылы сазсырнай аспабын алғашқылар қатарында игеріп, орындаушылық мектебінің негізін қалаған белгілі музыкант өз кезегінде осы еңбегін Болат Сарыбаевтың рухына бағыштайтынын жеткізді.
Аталмыш жинақта окарина тектес үрлемелі аспаптардың шығу генезисі және дамуы, қазақ халқының окарина тектес музыкалық аспаптары, үрлемелі аспаптарын қалпына келтірудегі Болат Сарыбаевтың рөлі, окарина тектес – үскірік, тастауық, уілдек, құссайрауық сияқты үрлемелі аспаптар, сазсырнай аспабында орындаушылық әдістері, репертуар жасақтау мәселелері жіктелген.
Гүлфайруз Далбағайдың жетекшілігімен құрылған SazArtGroup сазсырнайшылар ансамбліне де тоқталып өтсек, бас сазсырнайда және уілдеуікте – Әділхан Жоламан, тастауықта – Ержан Мұқышев, үскірікте – Райхан Омар, сазсырнайда – Гүлім Бағлан­қы­зы, шыңырауда – Айсұлу Ниязова, құссайрауықта – Райхан Омар ойнайды. Музыканттардың бұл аспаптарын жас шеберлер Азамат Бақия мен Ержан Мұқышевтің қолынан шыққан.
– Тәуелсіздік қазақтың көне ұлттық музыка аспаптарының тұншыққан үнін босатып, жаңа белестерді бағындыруға жол ашты. Шаңға көміліп, тарих қойнауына кетіп үлгерген қасиетті аспаптардың дыбысы біртіндеп күшейіп, сонау мұхиттың арғы жағына да жетті. Еш нәрсеге таңданбайтын Голливуд домбырамыз шанағынан күмбірлей төгілген күйге тәнті болды, кәрі Еуропа қазақ халық аспаптарымыздың сазына, қазақтың тіліне елітіп бас иді. Қазақтың дауылпаз, дабыл, дуылға, тоқылдақ, тұяқ, шың, шартылдауық, сазсырнай, ауызсырнай, желбуаз, керней, құссайрауық, жетіген, шаңқобыз, қобыз, сазген, шертер, адырна секілді музыкалық аспаптары көне ғасырлар қойнауынан жаңғырып өзінің табиғи үнін тапты.
Халқымыздың музыкалық аспаптарының ішінде үрлемелі аспаптар тобына жататын сазсырнайдың тарихы да әріде жатыр. Х­лық шығармашылығында кең көлемде қолданыста болған бұл аспап бертін келе тарихтың қойнауына көміліп қалған болатын. Ұзақ уақыт музыка мамандарының назарынан тыс қалып келген жекеленген саз аспаптарының сахнаға жолы өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап қолға алына бастады.
Окарина тектес үрлемелі музыкалық ыдыс аспаптар ішінен сазсырнай қазір жер-жерде ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерінің құрамына енгізіліп, арнайы жоғары, орта оқу орындарында жеке пән ретінде оқытыла бастауы көне мұрамыздың жаңа мүмкіндіктерін ашуды және көптеген оқу-тәжірибелік мәні бар түбегейлі шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді алға тартып отыр. Сазсырнай аспабын дәстүрлі кәсіби тұрғыда орындау, шеберлікті шыңдау, репер­туа­рын байытуды тарихи-теориялық және прак­тикалық өзекті мәселелері, аспаптың шығу генезисіне тереңірек үңіліп өз деңгейінде кәсіби тұрғыда шешуді қажет ететін мәселелердің қордаланып қалуы осы зерттеуіміздің өзектілігін арттыра түсті.
Қазақ халқының окарина тектес үрлемелі ыдыс аспаптар тобын және осы топқа жататын кең қолданыста жүрген сазсырнай музыкалық аспабын жан-жақты зерттеп жазу, оған ғылыми сипаттама беру, аспаптың атына, жасалатын материалына байланысты халық терминологиясын талдау, морфологиялық сипаттамасын, аспаптың репертуарлық және орындаушылық ерекшеліктерін жан-жақты айқындау – бұл еңбектің басты мақсаты.
Қазақ халқының окарина тектес ұлттық музыкалық аспаптарын, соның ішінде сазсырнай аспабын арнайы ғылыми-зерттеу нысанына айналдырған жұмыстар күні бүгінге дейін жүргізілген жоқ. Аспаптың шығу тарихы мен даму жолы терең талданған және ғылыми-теориялық тұрғыда арнайы зерттеу нысаны болған емес, – дейді монография авторы Гүлфайруз Далбағай.

«АЙҚЫННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:
Гүлфайруз Далбағай – сазсырнай фольклорлық аспабын 1980 жылы алғашқылардың бірі болып игеріп, елімізде орындаушылық мектеп қалыптастырған ұстаз.
Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жанынан құрылған «Адырна», «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблі құрамында солист-инструменталист, сазсырнайшы болып жұмыс істеді. Шығармашылық ұжым құрамында қазақтың дәстүрлі музыкасы мен көне аспабы – сазсырнайды дүние жүзінің көптеген елдерінде насихаттады. Атап айтсақ, Ресей, Украина, Үндістан, Италия, Польша, Германия, Мексика, Ливия, Қытай, Түркия және басқа мемлекеттер.
1991 жылдан сазсырнай аспабында орындаушы шәкірттер тәрбиелеп келеді. Мәдениет саласының үздігі, халықаралық ЮНЕСКО ұйымы жанындағы дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңестің мүшесі.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
Фото мен видеоны түсірген автор

Мақаланың толық нұсқасын осы сілтеме бойынша көре аласыздар