ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айтбек Жақсылықұлы Нығызбаевтың шығармашылық кеші

                                                                      

                                                                                БАСПАСӨЗ БАЯНЫ

 

                                                                   ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші

                                                  Айтбек Жақсылықұлы Нығызбаевтың шығармашылық кеші

 

2017 жылдың 22 ақпан күні, сағат 16:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің, концерт залында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші – Айтбек Жақсылықұлы Нығызбаевтың шығармашылық кеші өтеді.    

Концерттің мақсаты. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші – Айтбек Жақсылықұлы Нығызбаев 1968 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Карл Маркс совхозында (қазіргі Ш. Ералиев ауылында) дүниеге келген. 1985 жылы Алматы қаласындағы Республикалық эстрада-цирк студиясына түсіп, 1989 жылы ҚР Халық әртісі, профессор Қ.А. Байбосыновтың сыныбын үздік бітіріп шығады. 1989  жылы қызметтік жолын бастаған Айтбек Нығызбаев Алматы қаласындағы «Қазақконцерт» бірлестігінде «Жалын» ансамбілінде солист, 1991 жылы «Сүйінбай» атындағы Алматы облыстық филармониясының «Сазген» фольклорлық ансамбілінде, сондай-ақ, «Алтынай» ән-би ансамбілінде жеке концерттік орындаушы, 1995-1999 жылдары Қарағанды қаласындағы Қ.Байжанов атындағы облыстық филармонияда солист болып жұмыстар атқарады. Одақтас Республикаларда, Шет мемлекеттерде қазақ әндерін насихаттады. 1999 жылы Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы  Ұлттық Еуразия университетінде «Қазақ музыкасы» факультетінде жұмыс істейді. 2002 жылдан бастап Қазақ Ұлттық музыка академиясында «Қобыз, шертер, дәстүрлі ән» кафедрасында аға оқытушы, 2012 жылдан Қазақ Ұлттық университетінің, «Дәстүрлі ән» кафедрасының доценті болып шәкірттер тәрбиелеуде.

Айтбек Жақсылықұлы ел арасында айтылмай жүрген халық әндерін тауып, орындаушы. Оның орындауындағы «Зілқараның өсиеті», «Ажал келсе қайтемін», «Атам қазақ болған соң», «Ардақ» және т.б. әндері қазақ радиосының Алтын қорына жазылды. Сонымен қатар, «Қазақтың-1000 әні» жинағы анталогиясына Айтбек Нығызбаевтың орындауындағы әндер енген.

Жетістіктері: 1992 жылы Республикалық Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың лауреаты; 1998 жылы Республикалық Ж.Елебеков атындағы байқаудың жүлдегері; 1998 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты.

Халық музыкасына еңбегін сіңірген, қазақтың халық әндерін және халық композиторларының әндерін насихаттап жүрген елімізге белгілі, танымал әнші Айтбек Жақсылықұлы өнер саласында отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

Музейде ұйымдастырылып жатырған әншінің шығармашылық концерті қала тұрғындары мен қонақтарына және студенттерге ерекше кеш сыйламақ.   

 

Өтетін орны: Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24А.

Байланыс телефондары: 8 (727) 291-69-17; 291-63-16