Алғыс айту күніне орай, күйші-домбырашы Нұрданқожа Сұлтанқожаұлының "Атажұртқа жеткен асыл мұра" атты күй кеші

 

 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.

     Алғыс айту күніне орай, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде күйші-домбырашы Нұрданқожа Сұлтанқожаұлының "Атажұртқа жеткен асыл мұра" атты күй кеші өтті.

     Күй кеші халық күйі «Бөкен жарғақ», «Сұрмерген», «Құр ойнақ» күйлерімен ашылды. Кешті ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-зерттеуші – Мұрат Әбуғазы жүргізді.

     Күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазы кеш барысында Шыңжан өлкесіндегі қазақтардың күйшілік мектебі жөнінде ақпарат беріп отырды. Шыңжан өлкесіндегі қазақтардың күйшілік мектебі үлкен үш аймаққа бөлінеді: Іле аймағы, Тарбағатай аймағы, Алтай аймағы.

     Күйші-домбырашы Нұрданқожа Сұлтанқожаұлы Бейсенбі Дөненбайұлының «Кеңес», Қайрақбайдың «Молқоңыр», Мүкейдің «Өтеді-ау жалған», «Зарықтым», Әшімнің «Кеңес», Тілеместің «Асуда», Қожекенің «Сайрам көл», Камал мақайұлының «Жайлау думаны», Тайыр Белгібайдың «Қанас толқыны», Дәулет халықұлының «Бақыт қайнары» күйлерін орындап ғана қоймай, күйшілер мен күйдің шығу тарихына тоқталып өтті. Өзінің төл туындылары «Тілсіз ару», «Асыл адам», «Ата жұрт» күйлерін орындады.

     Кеш соңында ҚР Журналистер одағының мүшесі, өнертанушы Жұмабек Табын мен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, жыршы Ұлжан Байбосынова күйші-домбырашы Нұрданқожа Сұлтанқожаұлына Шыңжан өлкесіндегі қазақтардың күйшілік мектебінің күйлерімен қайта қауыштырғанына  алғыс білдіріп, алғыс хат табыстады.

     Көрермен болып келген Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінің  ұстаздары мен студенттері, сонымен қатар, Алматы қаласы музейлер бірлестігі қызметкерлері күйші-домбырашы Нұрданқожа Сұлтанқожаұлының өнері мен Шыңжан өлкесіндегі қазақтардың күйшілік мектебінің күйлерімен сусындап, тамаша кештің куәсі болып қайтты.