Бақсы құралы қобыз - музейдегі құнды жәдігер

Ибрашева Шара Оңғарқызы т.ғ.к.,

Ықылас атындағы

халық музыкалық аспаптар музейі,

ғылым бөлімінің меңгерушісі.

 

                                                            БАҚСЫ ҚҰРАЛЫ ҚОБЫЗ - МУЗЕЙДЕГІ ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР

Ежелгі түркі әлемінен бастау алған бақсылық қасиет  – әлемнің барлық елдерінің тарихына терең бойлаған құбылыс. Өз заманында озық дала өркениетімен ерекшеленген түркілерде де бақсылық басты қасиет саналып, абыздар мен қағандар ел басқару барысында олардың көмегіне жүгініп отырды. Адамдар табиғаттың алдында өз дәрменсіздігін сезініп, ауру-сырқаудан, бәле-жаладан құтылудың басқа жолын білмеді. Бұл бақсылардың ел арасындағы «билігін» нығайта түсіп, түркі заманынан көшпенділер өркениетіне өтті. Қазақ даласына ислам дінінің келуімен бәсеңсіп барып, патша үкіметі мен кеңес заманында тасаға тығылды. Ислам діні – бақсылар шақыратын жын, пері, шайтан, рухты жоққа шығармады. Алайда, олармен байланысуды ауыр күнәлардың қатарына қосты. Қазақ даласында бақсылар ислам діні таралғанға дейін ру-тайпалардың саяси-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі қызметі адам мен әлеумет өміріне қауіпті құбылыстарды залалсыздандыру, алдын алу болса керек. Бақсылар өз ойыны арқылы ұжымда қордаланып қалған жағымсыз психикалық қуатты бейтараптандырып, әлеумет өмірін үйлестіріп отырған. Орталық Азия мен Қазақстанда ислам діні таралу барысында, бақсылар жын-шайтандармен байланысқа түсе алатын адамдар ретінде қабылданады. Сондықтан, ислам үстемдік еткен дәуірде шамандар қоғам өмірін үйлестіруші, реттеуші қызметінен айырылып, тек бақсы-балгерлік қызметін ғана сақтап қалды» [1]. 

Бақсылық сарын ұлттық музыкада сақталған. Ерте кездерде бақсылар асатаяқ, кепшік, дауылпаз секілді ұрмалы аспаптарды пайдаланса да, негізгі құралы – құлағына қоңырау, шанағына айна орнатқан қасиетті қобыз болған. Өйткені, қобыз сазында жан-жүйені шымырлатып, жүректі тербейтін ерекше үн бар. Оның адам даусына ұқсас қоңыр қою дыбысы, қыл ішектен төгілген мұңды үні тыңдаушы көңіліне ұялап, халқымызға рухани азық болып келеді. Қобыз күйлерінде ғасырлар бойы шыңдалып, қалыптасқан өзіндік орындаушылық ерекшелік бар. Ойнау әдісінің қиындығына қарамастан қобыз аспабы ертеде халық арасында өте кеңінен тараған және қобызшылардың ойнау мәдениеті өте жоғары дәрежеде болған. Аты аңызға айналған Қорқыт (ΙX ғ.), Қойлыбай, Ықылас Дүкенов (1843-1916 жж.), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Жаппас Қаламбаев (1909-1969 жж.) және Дәулет Мықтыбаевтар (1905-1976 жж.) қобыз өнерінің ірі өкілдері болып саналады [2, 3 б].   

Қобыз аспабы жайында сөз қозғағанда, оны ерте замандағы қазақ бақсыларының өнерімен байланыстырамыз. Бақсылардың қарапайым адамдардан басты ерекшелігі – олар түрлі ырғақтармен сайрайтын ақын және күйші, актер, емші, әрі келешекті алдын-ала болжайтын көріпкел болған. Мысалы, қазақ бақсылары үлкен табиғи дарын-қасиетінің арқасында қобызда ойнап, зарлы немесе қаһарлы үн, әуендер шығару т.б. әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйелеріне әсер ете отырып адамдарды емдеген. Сондықтан, қобыз өнерінің ірі тұлғалары бақсылық дарыны болған адамдар.

Сондай тұлғалардың бірі, Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өңіріне танымал – Жарас бақсы мен оның қасиетті қобызы. XVΙ ғасырда жасалған Жарас бақсының қобызын – Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Қаратау» совхозына қарасты Қарой бөлімшесінің тұрғыны Құлтасов Бижан, 1983 жылы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне тапсырды. Жарас бақсының нарқобызы музей жәдігерлерінің арасындағы ең көне және  тарихи маңызы бар аспап болып табылады. Қобыз аңыздай құнды, әрі оның тариы да өте қызық. 1942 жылға дейін қобыз атадан балаға мұра ретінде сақталған. Аспап Жарас бақсының алты ұрпағына дейін сақталып,  бірінің қолынан екіншісіне өтіп отырған. Жарас бақсы өз заманында нарқобызын жанында ұстап бақсылық құрған. Одан кейін мұраны Бейсенбет, Құлтас, Бұралқы есімді ұрпақтары аталарының көзіндей сақтап қолдан-қолға қалдырып отырған. Бұралқы 1942 жылы соғысқа кетіп, майданнан қайтып оралмайды. Атадан қалған қасиетті жәдігер келесі ұрпақтары Бердібекке, одан Бижан қолына өткен. Қобыздың өн бойы әбден ысталып қарайған. Жамауы көп қобыздың көне көз дүние екендігі тайға таңба басқандай байқалады. Аспап – тұтас өрік ағашынан ойылып дайындалған. Шанағы нар түйенің терісінен тартылып, ішегі аттың қылынан жасалған [3].  

Нарқобыздың ұзындығы – 1 метр, шанағы – 29 см, шанақ ені – 37 см, шанақ аумағы – 1 метр, сылдырмағы үшеу [4, 145 б].

Ел аузынан келіп жеткен аңызға сүйенсек, 2002 жылы 91 жастағы соғыс ардагері Абдырайов Затыбектің айтуы бойынша, бірде Жарас бақсы кездейсоқ бәйге жүргізіліп жатқан ұлан-асыр тойдың үстіне тап болады. Бақсы сол бәйгеге қатысқысы келіп рұқсат сұрайды. Алайда, сол жерде тұрған бір бай оған мысқылдап «бәйгеге неңді қосасың, қай түріңмен қатыспақшысың» деген сөздермен кедейлігін бетіне басып келемеж етеді. Содан соң жиналғандар Жарасты таранғы талға ағаш түбіне 12 құлаш арқанмен байлап, қолын бос қояды. Қанекей қолыңдағы қобызыңмен бүгінгі бәйгеде кім жеңіске жететінін болжап көрші деп, күлкіге қарық болады.

Жарас бақсы ұзақ уақыт қобызын ойнап отырады да, болғаннан кейін жеңімпаздың есімін атайды. Егер болжамың дұрыс болып шықса сені босатамыз, қателестін болсаң аттың құйрығына арқанмен байлап, қамшының астына алып сыбағаңды береміз дейді. Бәйге басталып, қалың көпшілік толғаныспен бақылап отырғанда, Жарас ештеңеге алаңдамай өзінің сабырлығын танытады. Ақыры көп қатысушының арасынан, бақсының көрсеткен шабандозы бәрінен оза шауып, жеңіске жеткен екен. Мұнысын сәуегейлікке балап, жанұшыра алаңдаған байлар Жарасты босатыңдар деп бұйрық береді. Ал жиналған қарапайым халық оған өздерінің ризашылығы мен жақсы тілектерін білдіріпті [3].  

Қобыз әуеінің тылсым құдыреті сияқты, адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр. Сонықтан, бақсы сарыны мен қобыз үні ұлттық музыка мәдениетінің тарихи негіздерін, стильдік ерекшеліктерін зерттеу үшін аса қажетті, маңызды мұра болып қала бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Г. Әбдімомынова. Көшпенділер өркениеті: қазақ және бақсылық.          e-history.kz
  2. Б.Ә. Қосбасаров. Қобыз өнері. Алматы, 2016. – 224 б.
  3. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Қорды есепке алу және сақтау бөлімі, НҚ-278.
  4. З.С. Жәкішева. Өзбекәлі Жәнібеков тағылымы. Алматы, 2011. – 162 б.