Қобыз аспабы

Қобыз — таңқаларлық пішінді және ғажайып сазды, бай тембрлі аспап. Кобыз ең көне аспаптардын бірі. Қобыздың саз аспабы ретінде тағдыры тайғақ, жолы тар, қиын-қыстау болды. Қобыз шаман дінінен едәуір кейін шықты. Демек, XVIII ғасырға дейін қолданылып келген даңғыра және асатаяқ ертедегі бақсылар соғып ойнайтын аспаптардың қалдығы болу керек. Қобыз шыққан соң даңғыра мен асатаяқ көпке дейін қатар қолданып келген. И. Гмелин ол аспап жөнінде былай сипаттайды: «... қобыз дөңгелек, шұңғыл және бос ыдыс сияқты. Үстіңгі жағында ағаш сабы бар, басы жүрек бейнелес. Оған күміс теңге сияқты ұсақ теңгешелер ілінген. Төменгі жағынан тізеге тіреу үшін әлгі ыдыс ұзын таяққа бекітілген. Жылқының қылынан екі ішек тартылған. Қобызбен ойнағанда, басындағы теңгешелердің үнін қосу үшін оны жиі селкілдетіп отырады...»

Бақсылар қобызды тойда және тағы басқа жиын-кештерде пайдалануға мүлде тиым салған. Олар қобызды халық музыкасының бір аспабы ретінде пайдалануына қарсы болды. Бақсылар қобызды халықтан жасырып құпиялы да құдіретті күш ретінде өз қара басының пайдасына пайдаланды. Аспапты сілкігенде, оның ұшындағы сақина теңгешелер сылдырлап, қосымша дыбыс береді. Бақсылар сылдырмақ үнін күшейту арқылы жұртты қорқыту үшін де пайдаланған. Ал қобызшылардың аспаптарында әлем-шәлкем ілке-сылдырмақтар сирек кездеседі. Имек ысқыш жасап, тері мен жылқы қылын пайдалану сол кездегі басқа аспаптарға да тән құбылыс болған.

Классикалық қобыз музыкасының аты аңызға айналған ең соңғы хас шебері 19 ғасыр ортасында дүниеге келген Ықылас Дүкенұлы. Дегенмен жоғалып жойылып құрып кетуге жақын қалған қобыз ойнау өнерін өмірге қайта оралтып «шаң басқан уақыт» пернесін ашуға жасалған шаралармен ізденістер, талпыныстар болмай қалмады. Осындай істің басында бірегей ірі қобызшылар, зор тұлғалы музыканттар Жаппас Қаламбаевпен (1909—1970) Дәулет Мықтыбаев (1904—1976) тұрды. Шын мәнінде осы екеуінің арқасында музыкалық қобыз аспабының барлық құпиясымен қасиетінің қыры мен сыры сақталып өткеніміздің баға жетпес асыл мұрасын шашау шығармай жоғалтпай бізге жеткізіп, жаздырып қалдырып кеткеніне шүкір дейміз. Қобызда ойнап ең алғаш рет концерттік эстрадаға шыққан, 1968 жылы Алматы консерваториясында ашылған қылқобыз класына бірінші сабақ берген де осы екі тарлан.

 

Пайдаланылған әдебиет: Сарыбаев Болат. Қазақтың музыкалық аспаптары. – Алматы: Өнер, 1980,- 208 бет.