ХАЛЫҚ МУЗЫКАСЫНЫҢ БАСТАУЫ ЗАЛЫ

 

Кірер залда сіз музейіміздің ең көне экспонаттарымен танысып, қазақ аспапты музыкасының тарихымен, оның түп тамыры қайдан бастау алғанынан хабардар боласыз. Ұлттық саз аспаптарының негізгі түрлері жайында толық ақпарат аласыз.

Музыканың тылсым күштерден пайда болғаны жайлы аңыз көне замандардан бізге де жетті. Аспанда шарықтаған таңғажайып ән қазақ даласын шарлап жүріп, тым төмендеп кетсе керек, ал оны естіген халық табиғатынан үлкен музыкалық дарын мен қабілетке ие болған дейді.

Қазақтың дәстүрлі музыкасы өзінің қайнар көзін ежелгі заманда Еуразияның кең-байтақ далаларын 40 ғасырдан бері мекен еткен әуелі көне протоевропоид, кейін  сақ, ғұн, үйсін, түркі, қаңлы, қыпшақ т.б., және одан соң барып моңғолоид этностарының мәдениетінен алған.

Жалпы қазақ халқының түркілік музыкалық мәдениетті жалғастырушы ретіндегі тарихи миссиясы дарынды композиторлары мен орындаушыларының шығармашылығынан айқын көрінеді.

Қазақ музыка аспаптары қоңыр, жұмсақ, биязы, тұңғиық, тылсым дыбыстаршығару мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Қазақ музыкасында қоршаған ортадағы табиғи дыбыстардың жан тебірентіп, сана серпілтер әсерлі де әуезді түрлерінің барлығы дерлік кездеседі.

Қазақтың музыкалық аспаптары ағаштан, қамыстан, қыштан, жануарлардың терісі мен сүйектерінен және мүйіздерінен, металлдан жасалған.

Тұтас табиғи материалдардан жасалғандықтан, аспаптың үні қарапайым және құлаққа жағымды естіледі. Музыкалық аспаптарды жасаудың және оларда орындаудың шеберлік әдістері мен сырлары ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған.