МУЗЕЙ ТАРИХЫ

     Музей – өнер-мәдениет және ғылыми құндылықтарды сақтауға, музей мұралары арқылы тарихи мәлеметтерді жинақтап, таратуға, болашақ ұрпаққа танымдық тәрбие беруге арналған көп қырлы ақпараттар институты болып саналады.

     Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі бүкіл Орта Азия аумағындағы алғашқы болып құрылған бірегей музейлердің бірі, сонымен қатар, дүниежүзі бойынша халық музыка аспаптарына арналған бесінші музей ретінде әлемдік музейлер тарихында өз орнын айшықтады.

     Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Қазақстан үкіметінің 1980 жылғы тамыз айының 1-ші жұлдызында шыққан №358-р санды Жарлығы бойынша ұйымдастыру жұмыстарын бастап, 1981 жылы сәуір айының 24 жұлдызында халыққа есігін айқара ашты. Музейдің ұйымдастырылу, қалыптасу тарихы мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өзбекәлі Жәнібековтың (1931–1998) есімімен тікелей байланысты. 1990 жылы 11 наурызда музейге қазақтың аспапты-музыка өнерінің ірі өкілі, қазақтың халық композиторы, қобызшы, қобыз мектебінің негізін салушылардың бірі – Ықылас Дүкенұлының (1843–1916) есімін беру туралы шешім қабылданды.

     Музей алғашында қаланың Панфилов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы екі қабатты шағын көне ғимаратта орналасты. Музейдің ашылу салтанатына Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы Н.Ә. Назарбаев қатысқан. Алғашқы музей үйі орналасқан мекен-жайдың өз алдына тарихы бар ескерткіштердің біріне айналды. Ғимарат қазақ мәдени ескерткіштері мен көне ғимараттардың мемлекеттік тізімі мен қорғауына алынған. Тарихи оқиғалардың куәгері болған бұл ғимаратта Кеңес үкіметінің жиындары өтіп, диқандар мен шаруалар түсетін қонақ үй қызметін атқарды.

     Ғимараттың музей үшін тарлығын ескерген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев 1983 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары Ө. Жәнібековке қазіргі Гоголь мен Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан тағы бір тарихи мекен-жайға ауысуға нұсқау берді.

     Музей құрылысы 1908 жылы белгілі сәулетші А.П. Зенковтың (1863–1936) жобасы бойынша салынған. А.П. Зенков 1893 жылы Санк-Петербургтегі инженерлік академияны бітірген соң 1899 жылы Верныйға (қазіргі Алматы) келді. Мұнда ол Кафедралық Собордың жобасын жасаушылардың бірі болды. Собор құрылысы 1907 жылы аяқталды да, 1908 жылы Верный әскери мәжіліс үйінің (қазіргі Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музей) жобасын жасайды. 1908 жылы атақты Верныйлық сәулетші А.П. Зенковтың жобасымен тұрғызылған ғимарат «Ропетовский» стиліндегі ағаш сәулет өнерінің ерекше үлгісі болып табылады. Бұл ғимарат кезінде офицерлер жеке құрамының клубы, Жетісудың I ауылшаруашылық және өндірістік көрмесінің көрме павильоны, пошта-телеграф кеңсесі, «Красная звезда» (Қызыл жұлдыз) кинотеатры, офицерлердің жиналыс үйі, аймақтық офицерлер үйі, ОАӘО (Орта Азия әскери округі) офицерлер үйі қызметің атқарып келді. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1980 жыл 1 тамыз №358 жарлығы бойынша «Республикалық халық музыкалық аспаптар музейі» болып құрылып, қазіргі таңда музей қызметін атқаруда. Осы сияқты тарихи оқиғалардың куәгері болған бұл ғимарат қазіргі таңда сәулет және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қарауына алынған.

     Алғашқы жылдары халық музыка аспаптары музейін ұйымдастыру барысында Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен ұлт аспаптарын ғана емес, көршілес республикалар (ТМД) мен әлем халықтарының аспаптарын жинақтау көзделіп, оларға арнап экспозиция залдарын жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностар мен өзге ұлыс өкілдерінің музыкалық аспаптарын жинақтау барысында Алматы қаласындағы ұйғыр және корей  театрларында қолданылған музыкалық аспаптар, М.О. Әуезов атындағы академиялық драма театрында, 1930–1950 жылдары Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында ойналған музыкалық аспаптар, Алматының ЖОО-да оқитын шетелдік студенттердің өз елдерінен алып келген музыкалық аспаптары музей қорына алынды. Соның нәтижесінде қазақ халқы мен әлем халықтарының музыкалық аспаптары музей шаңырағына топтастырылды.

     Музей жанынан қоғамдық негізінде «Сазген» ансамблі құрылды. Музей мен Сазген қол ұстаса, жұбы жараса өмірге келді. Сазген ансамблі музейдің қалыптасып дамуына маңызды да шешуші роль атқарып, кеңінен насихатталуына үлес қосты.

     2012–13 жж. Мәдениет жылы аясында музейде кең көлемді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2013 жылы 15 мамырда халық музыкалық аспаптар музейі қайта ашылды. Экспозицияның сырт пішіні ғана өзгеріп қоймай, музей жұмысының концепциясы да толығымен өзгерді.

     Музей қорында ұлттық музыкалық аспаптар мен қатар түрік халықтары, сондай-ақ, әлемнің 40-тан астам елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1244 экспонат бар. 8 экспозициялық зал жұмыс жасайды. Олар: халық музыкасының басталу залы, үрмелі, соқпалы-шулы музыкалық аспаптар залы, мемориалды музыкалық аспаптар залы, қобыз залы, шеберлер залы, түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптары залы, әлем халықтарының музыкалық аспаптары залы. Музейде экспонаттарды сақтау, насихаттау және музыкалық мұраны дәріптеу, сондай-ақ музей коллекцияларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми бөлім мен қор сақтау бөлімдері, мәжіліс залы, 120 орындық лекция-концерт залы жұмыс жасайды.

     Музей алматылықтар мен қала қонақтарының әсем демалыс орындарының бірі болып табылатын, 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы паркінде орналасқан. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы ең танымал әрі ең көп баратын мәдени орындардың бірі.